Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары
академиясы ректорының
2025 жылғы 05 ақпандағы
№ 13 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары
академиясы ректорының
2022 жылғы 26 сәуірдегі
№ 21 бұйрығына
1-қосымша
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Диссертациялық кеңесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі – Академия) Диссертациялық кеңесі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат», «Білім туралы» заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы» 2011 жылғы 31 наурыздағы №126 (бұдан әрі – Үлгі ереже), «Дәрежелерді беру қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Қағидалар) 2011 жылғы 31 наурыздағы №127, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2, «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың түрлерін, білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды еспке алу мен беру қағидаларын әзірлеу және бекіту туралы» 2023 жылғы 10 ақпандағы № 47, «Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін қорғалатын диссертацияларды мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» 2024 жылғы 1 қазандағы № 472 бұйрықтарына сәйкес әзірленді.
2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аннотация – диссертациялық зерттеудің қысқаша мазмұны. Аннотацияда тақырыбы, мақсаты, зерттеу міндеттері, зерттеу әдістері, қорғауға шығарылатын негізгі ережелер (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар) сипатталады, сондай-ақ диссертация мазмұнының зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы, алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі, ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға, докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы көрсетіледі.
2) Аппеляциялық комиссия – ғылыми кеңесшілер, рецензенттер, Диссертациялық кеңестің мүшелері болып табылмайтын, ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар, құрамында Академияның 2 (екі) өкілі және жоғары оқу орындарының, ғылыми және өзге де ұйымдардың 3 (үш) ғалымы бар, диссертацияларды қорғау нәтижелері бойынша даулы мәселелерді жою мақсатында құрылған комиссия;
3) аттестациялық іс – Академияның Диссертациялық кеңесіне философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежелерін беру үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі;
4) Мемлекеттік құпиялар – халықаралық құқықтың жалпы қабылданған нормаларына қайшы келмейтін мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын тиімді әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында таратылуы мемлекетпен шектелетін мемлекет қорғайтын мәліметтер;
5) Академияның диссертациялық кеңесі (бұдан әрі – Диссертациялық кеңес) –«Құқықтану» және «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламалары (мамандықтары) бойынша докторанттардың философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға диссертациялық жұмыстарын қорғауды жүргізетін Академия жанындағы алқалы орган;
6) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор – ғылыми-педагогикалық бағыт немесе кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантура бағдарламасын меңгерген және Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде диссертация қорғаған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған адамдарға берілетін дәрежелер;
7) докторантура – міндетті түрде кем дегенде 180 академиялық кредитті игерге отырып, білім беру бағдарламалары философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін бере отырып, ғылыми, педагогтік және (немесе) кәсіптік қызмет үшін кадрлар даярлауға бағытталған жоғары оқу орны;
7) докторант – докторантурада білім алатын адам;
9) докторлық диссертация – докторанттың теориялық ережелер әзірленген, жиынтығын жаңа ғылыми жетістік ретінде саралауға болатын немесе ғылыми проблема шешілген не ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосатын ғылыми негізделген техникалық, экономикалық немесе технологиялық шешімдер жазылған дербес зерттеу болып табылатын ғылыми жұмысы;
10) диссертация – философия докторын (PhD), бейіні бойынша докторды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламасы шеңберінде нақты мамандық бойынша Қазақстан Республикасында немесе шетелде қорғалған біліктілік ғылыми жұмысы;
11) Диссертациялық кеңес комиссиясы – Диссертациялық кеңес мүшелерінің құрамынан докторанттың авторы мен дереккөзіне сілтеме жасалмаған бөтен материалды пайдаланғанын (плагиат) тексеру үшін құрылған комиссия;
12) Диссертациялық кеңестің есеп комиссиясы – Диссертациялық кеңес мүшелерінің қатарынан құрылған дауыстарды санау және құпия дауыс беру қорытындыларын шығару қызметін атқаратын комиссия;
13) Диссертациялық кеңестің Ғылыми хатшысы (бұдан әрі – Ғылыми хатшы) – Ережеге сәйкес Ғылыми кеңестің қызметін ұйымдастыру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын Диссертациялық кеңестің мүшесі;
14) транскрипт (Transcript) (транскрипт) – кредиттер мен бағаларды көрсете отырып, тиісті оқу кезеңінде меңгерілген пәндердің және (немесе) модульдердің, оқу жұмысының басқа түрлерінің тізбесін қамтитын құжат;
15) Этикалық комиссия – зерттеу объектілерінің (тірі табиғат объектілері мен мекендеу ортасының) құқықтарын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қорғауды қоса алғанда, ғылыми зерттеулерді жоспарлау, бағалау, іріктеу, жүргізу және нәтижелерін тарату процесінде бұзушылықтарды анықтау нысанасына докторлық диссертацияны сараптауды жүзеге асыратын жоғары және (немесе) жоғары оқу онынан кейінгі білім беру ұйымында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) құрылатын алқалы орган.
2. Диссертациялық кеңестің қызметін ұйымдастыру
3. Диссертациялық кеңес Академия ректорының бұйрығымен күнтізбелік 3 жыл мерзімге құрылады.
Академия 3 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетін (бұдан әрі – Комитет) Үлгі ереженің 3-тармағының талаптарына сәйкес Диссертациялық кеңес құру туралы хабардар етеді.
Диссертациялық кеңес құру туралы ақпарат ректордың бұйрығы шыққан күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Академияның интернет-ресурсында орналастырылады.
4. Диссертациялық кеңес құрамына ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар 7 адам кіреді.
Олардың кемінде 1/3-і басқа ЖОО-лардың, ғылыми немесе басқа ұйымдардың өкілдері, қалғандары штаттық қызметкерлер болып табылады. Докторлық зерттеу тақырыбына байланысты докторантты қорғау кезеңіне Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелерін тағайындауға жол беріледі.
Академия Ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес Диссертациялық кеңестің тұрақты құрамы және ондағы өзгерістер, сондай-ақ төраға, төрағаның орынбасары және Ғылыми хатшы 3 күнтізбелік жылға Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі.
Диссертациялық кеңестің 3 мүшесінің ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын Ғылыми басылымдар тізбесіне (бұдан әрі – Басылымдар тізбесі) енгізілген журналдарда соңғы 5 жылда кемінде 10 жарияланымы болады.
Диссертациялық кеңестің басқа мүшелерінің Басылымдар тізбесіне енгізілген журналдарда соңғы 5 жылда кемінде 5 жарияланымы болады.
Ғылыми кеңесшілер, сондай-ақ докторантпен немесе оның ғылыми кеңесшісімен үлестес тұлғалар Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері болып тағайындалмайды:
1) жақын туыстары – ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері;
2) докторант тапсырыс беруші немесе орындаушы (бірлесіп орындаушы) болып табылатын диссертация орындалған және (немесе) ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп Академияның және (немесе) ғылыми ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері;
3) соңғы 3 жыл ішінде докторантпен бірлесіп жарияланған мақалалар мен шолулардың бірлескен авторлары;
4) соңғы 3 жылда диссертацияның мазмұны жөніндегі Комитеттің теріс шешімін алған диссертациялар бойынша оң қорытынды берген ғылыми кеңесшілер немесе ресми рецензенттер болған мамандар.
5. Диссертациялық кеңестің құрамына:
1) Академия ректоры;
2) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметкерлері;
3) диссертация мазмұны бойынша соңғы 5 жылда Комитеттің теріс шешім қабылданған диссертациялар бойынша ғылыми кеңесшілер, жетекшілер болған мамандар кірмейді.
6. Академия:
1) Диссертациялық кеңестің отырыстарын өткізу және диссертацияларды жария қорғау үшін, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, бағдарламалық және техникалық құралдарды қолдану арқылы қажетті жағдайларды;
2) бөтен материалды пайдалануды анықтаудың лицензиялық жүйелерінде, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша диссертацияларды тексеруді;
3) Диссертациялық кеңес комиссиясы қызметін;
4) Диссертациялық кеңестің қызметіне байланысты шығыстарды, оның ішінде оның мүшелерінің іссапар шығыстарын өтеуді қамтамасыз етеді.
7. Диссертациялық кеңес Үлгі ереженің 13-тармағына сәйкес жабылады.
3. Диссертациялық кеңестің функциялары
8. Диссертациялық кеңестің функциялары:
1) диссертацияны қорғауға құжаттарды қабылдау және оның Ережелер және Қағидалар талаптарына сәйкестігін тексеру;
2) диссертация бойынша қорғау күнін және ресми рецензенттерді, Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелерін тағайындау;
3) Диссертациялық кеңестің комиссиясын құру;
4) диссертацияның ашық түрде қорғауды өткізу;
5) диссертация бойынша шешім қабылдау.
9. Диссертациялық кеңес төрағасының функциялары:
1) Диссертациялық кеңестің қызметіне басшылық жасау және бақылау;
2) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру туралы дипломға қол қою;
3) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруді растау туралы анықтама беру;
4) Академияның басшылығымен және құрылымдық бөлімшелерімен, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми және басқа да ұйымдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау.
10. Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары төраға болмаған жағдайда оның функцияларын орындайды.
11. Диссертациялық кеңестің Ғылыми хатшысының функциялары:
1) диссертацияны қорғауға қабылдау және қорғауды өткізу рәсімдерін ұйымдастыру;
2) диссертацияны «Антилагиатқа қарсы» жүйесі бойынша тексеруге Академияның құрылымдық бөлімшесіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына, ресми рецензенттерге жолдау;
3) Диссертациялық кеңестің қызметі бойынша хат-хабар жолдау;
4) Үлгі ереженің 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша тоқсан сайынғы және жылдық есептерді қоса алғанда, Академияның интернет-ресурсында материалдар мен ақпаратты орналастыру;
5) Диссертациялық кеңестің отырысына, оның ішінде бағдарламалық және техникалық құралдарды дайындау;
6) Диссертациялық кеңестің құжаттарын ресімдеу.
Хат-хабар Ғылыми хатшының ресми корпоративтік поштасынан жіберіледі. Ғылыми хатшының міндеттерін өзге адамдарға, оның ішінде докторантқа жүктеуге жол берілмейді.
Ғылыми хатшының өз міндеттерін объективті себептермен орындауы мүмкін болмаған жағдайда, Ғылыми хатшының функциялары Диссертациялық кеңестің шешімімен кеңес мүшелерінің біріне жүктеледі.
12. Диссертациялық кеңестің мүшелері:
1) объективті, толық және дәйекті мәліметтерді береді;
2) диссертацияны қорғауға қатысты деректерді жасыруға жол бермейді;
3) ғылыми этиканы бұзылу фактілеріне ден қояды;
4) шешім қабылдағанда қоғамдық пікірдің, тараптардың бірінің немесе үшінші тұлғалардың әсерінен тәуелді болмайды;
5) мүдделер қақтығысын алдын алу және реттеу бойынша шаралар қабылдайды;
6) қызмет бабында кеңестің басқа мүшелерінің, докторанттардың, ғылыми кеңесшілердің және ресми рецензенттердің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін дөрекі, қорлайтын сөздерді, айыптауларды қолданбайды.
Осы тармақта көрсетілген талаптарды сақтамау фактілері анықталған жағдайда Диссертациялық кеңестің мүшесі оның құрамынан шығарылады.
13. Диссертациялық кеңес докторанттың диссертациялық жұмысын немесе Қағидалардың 5-1-тармағының талаптарына сәйкес жарияланған мақалалар сериясы нысанында ұсынған диссертациясын қорғауды өткізеді.
14. Күнтізбелік жыл аяқталған соң Диссертациялық кеңес Үлгі ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Комитетке есеп береді.
15. Диссертациялық кеңес осы Ережеде белгіленген талаптарды 3 реттен көп бұзған жағдайда төраға, орынбасар және Ғылыми хатшы ауыстырылады.
4. Диссертациялық кеңеске докторлық диссертацияларды ұсыну тәртібі
16. Академия қорғауға құжаттарды қабылдағанға дейін жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Институттың кеңейтілген отырысында (бұдан әрі – кеңейтілген отырыс) докторанттың диссертациясын алдын ала талқылауды қамтамасыз етеді.
Докторанттың кеңейтілген отырыс өткізілгеннен кейін диссертацияны талқылаудың басқа нысандарын міндетті түрде өтуін талап етуге жол берілмейді.
17. Кеңейтілген отырысының оң қорытындысын алғаннан кейін докторант Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорғалатын Диссертациялық кеңесті таңдау туралы «Кадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы Академия ректорының атына өтініш береді.
Өтінішті іс жүргізу талаптарына сәйкес Академия кеңсесі тіркейді және Ережеге сәйкес бақылау мерзімін орната отырып Ғылыми хатшыға береді.
Докторант өтінішпен бірге Ғылыми хатшыға Ережеге 2-қосымшаға сәйкес құжаттар ұсынады, олар диссертацияны алдын-ала қарау және одан әрі Диссертациялық кеңесте қорғау үшін негіз болады.
Ғылыми хатшы докторанттың құжаттарын докторанттың аттестаттау ісіне тіркейді.
Ғылыми хатшы құжаттарды алғаннан кейін 2 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды Диссертациялық кеңеске ұсынады.
18. Егер докторант басқа ЖЖОКБҰ-ның Диссертациялық кеңесін көрсетсе, онда Академия өтініш берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде осы ЖЖОКБҰ-ға докторанттың келесі құжаттарын жолдайды:
1) отандық және шетелдік ғылыми кеңесшілердің пікірлері («Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасы (мамандығы) бойынша докторанттар үшін — отандық кеңесшілер пікірлерінің болуы);
2) кеңейтілген отырыстың оң қорытындысы;
3) қатты мұқабада және электрондық жеткізгіштегі диссертациялық жұмыс (егер диссертация диссертациялық жұмыс нысанында қорғалған жағдайда);
4) 15 беттен аспайтын көлемдегі қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі аннотациялар;
5) Ережеге 3-қосымшаға сәйкес ғылыми еңбектердің тізімі және олардың көшірмелері;
6) Үлгі ережеге 4-қосымшаға сәйкес Этикалық комиссияның қорытындысы.
19. Егер басқа ЖЖОКБҰ докторанты қорғау үшін Академияның диссертациялық кеңесін таңдаса, ол Академия ректорының бұйрығымен бекітілген тәртіппен кеңейтілген отырыстан өтеді.
20. Диссертацияны қорғауға қабылдау жөніндегі Диссертациялық кеңестің отырысында кеңестің тұрақты құрамы осы Ереженің 4-тармағының талаптарына сәйкес Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелерін тағайындайды.
Диссертациялық кеңес құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей диссертацияның қорғау күнін айқындайды және 2 ресми рецензентті тағайындайды.
Рецензенттерге мынадай талаптар белгіленеді:
1) ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі бар немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесінің болуы;
2) Комитеттің және/немесе Web of Science Core Collection (Сайнс Кор collection веб-сайты) немесе Scopus (Скопус) басылымдарының тізбесіне енгізілген журналдарда және/немесе шетелдік рецензияланатын басылымдарда зерттеу саласындағы 5 ғылыми мақала немесе 1 монографияның (жеке жазылған) болуы.
21. Қорғау күні оның күні тағайындалған күннен бастап 3 айдан аспайды.
Қорғау күнін белгілеу кезінде докторанттардың құжаттарының түсу кезектілігі сақталады. Бірнеше үміткер болған жағдайда Академия докторанттарына басымдық беріледі.
22. Ресми рецензенттерді тағайындау кезінде Диссертациялық кеңес рецензенттердің, ғылыми кеңесшілердің бір-бірінен тәуелсіздігі қағидатын басшылыққа алады.
Ресми рецензенттер болып мыналар тағайындалмайды:
1) Комитет қызметкерлері;
2) диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар бойынша докторанттың бірлескен авторлары;
3) докторант тапсырыс беруші немесе орындаушы (бірлесіп орындаушы) болып табылатын диссертация орындалған және (немесе) ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Академияның, басқа ЖЖОКБҰ және (немесе) ғылыми ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері;
4) соңғы 3 жылда диссертацияның мазмұны жөніндегі Комитеттің теріс шешімін алған, диссертациялар бойынша оң қорытынды берген ғылыми кеңесшілер немесе ресми рецензенттер болған мамандар;
5) жақын туыстары — ата-аналары (ата-ана), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері.
23. Диссертациялық кеңес Академияның интернет-ресурсында докторанттарды қорғау және кеңес қызметі туралы мынадай материалдарды (мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын материалдар мен диссертациялардан басқа) орналастырады:
1) белгіленген қорғау күнінен 1 ай бұрын алдағы қорғау туралы хабарлама, ол тұрақты негізде қолжетімді болады. Хабарламада докторант, Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері және ресми рецензенттер, диссертацияны ұсыну нысандары, мекенжайы, күні мен уақыты туралы ақпараттан тұрады;
2) белгіленген қорғау күнінен 1 ай бұрын диссертация, сондай-ақ Диссертациялық кеңестің ескертулері бойынша титул парағында тиісті белгілері бар пысықталған нұсқалар, олар тұрақты негізде қолжетімді;
3) 15 беттен аспайтын көлемдегі қорғаудың белгіленген күнінен 1 ай бұрын қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі аннотациялар;
4) белгіленген қорғау күнінен 1 ай бұрын докторанттың жарияланымдар тізімі;
5) белгіленген қорғау күнінен 1 ай бұрын ғылыми кеңесшілердің пікірлері, олар қорғаудан кейін кемінде 5 ай ішінде қолжетімді болады;
6) белгіленген қорғау күнінен 5 жұмыс күні бұрын ресми рецензенттердің пікірлері;
7) қорғаудан кейін 5 жұмыс күні ішінде толық көлемде қорғаудың бейнежазбасы және ол қорғаудан кейін кемінде 5 ай ішінде қолжетімді болады;
8) қорғаудан кейін 5 жұмыс күні ішінде диссертациялық жұмысты пысықтауға, қайта қорғауға жіберу туралы немесе философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы Диссертациялық кеңестің қорытындысы және ол қорғаудан кейін кемінде 5 ай ішінде қолжетімді болады;
9) шешім қабылданғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде Апелляциялық комиссияның шешімі (бар болса) және шешім қабылданғаннан кейін кемінде 5 ай ішінде қолжетімді болады;
10) Үлгі ережеге 2-қосымшаға сәйкес күнтізбелік жылдағы Диссертациялық кеңестің жұмысы туралы есеп, ол күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде орналастырылады;
11) Үлгі ережеге 3-қосымшаға сәйкес философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежелерін беру (беруден бас тарту) бойынша Диссертациялық кеңес қабылдаған шешімдер туралы тоқсан сайынғы есеп. Тоқсан сайынғы есеп тоқсан аяқталғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде орналастырылады және Диссертациялық кеңестің қызмет ету кезеңі ішінде қолжетімді болады;
12) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру туралы диплом беруді ұйымдастыру жөніндегі мәліметтер;
13) қорғауды өткізу күнін, уақытын, орнын өзгерту туралы және ресми рецензенттерді ауыстыру туралы хабарландыру (бар болса);
14) Диссертациялық кеңестің құрамы және қызметінің тәртібі туралы ақпарат;
15) қолданылу мерзімдерін көрсете отырып бөтен мәтінді пайдалануды анықтаудың лицензиялық жүйесінің, оның ішінде халықаралық деректер базасының болуы туралы ақпарат;
16) Үлгі ережеге 4-қосымшаға сәйкес Этикалық комиссияның қорытындысы;
17) Диссертациялық кеңестің бейнеконференция нысанында онлайн отырысын өткізуді ұйымдастыру жөніндегі ақпарат.
24. Диссертация Академияның интернет-ресурсында орналастырылған жағдайда, авторлық құқықтарды қорғау қамтамасыз етіледі, диссертация материалдарын заңсыз көшіруден және одан әрі пайдаланудан қорғау технологиялары қолданылады.
Диссертация Академияның интернет-ресурсында орналастырылғаннан және/немесе диссертацияға қабылданғаннан кейін (мемлекеттік құпиялары немесе қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтері бар диссертациялар қорғалған жағдайда) диссертация мәтініне өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
Диссертациялық жұмыс пысықталған жағдайда оның соңғы нұсқасы «Диссертациялық жұмыстың соңғы нұсқасы» деген белгісі бар философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру туралы шешім қабылданғаннан кейін Академияның интернет-ресурсында орналастырылады.
Академияның интернет-ресурсында диссертация мазмұны бойынша бейресми пікірлерді орналастыру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, кейін олар қорғауда ұсынылады. Авторын белгiлеу мүмкiн емес және автордың электрондық поштасы көрсетілмеген бейресми пікірлер қорғауда ұсынылмайды.
25. Алдағы қорғау туралы хабарламаны Ғылыми хатшы қорғауға қабылдау күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Комитетке жолдайды.
26. Диссертациялық кеңес қорғауға қабылданғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде докторанттың отандық және халықаралық деректер базалары бойынша плагиатты пайдалануына тексеру үшін диссертацияны «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – ҰМҒТСО) жібереді. Мұқаба беті мен пайдаланылған дереккөздердің тізімі плагиатқа тексерілмейді.
ҰМҒТСО Үлгі ереже талаптарына сәйкес диссертация мәтінін өзінің интернет-ресурсында ашық қолжетімділікте орналастыруды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертацияларды докторанттың авторға және дереккөздерге сілтеме жасамай бөтен материалды пайдалануына тексеру ҰМҒТСО-да немесе комиссиялық түрде Академияда жүргізіледі.
ҰМҒТСО анықтамасында, ресми рецензенттердің пікірлерінде және Академияның интернет-ресурсында бейресми пікірлерде көрсетілген плагиат фактілері болған кезде Диссертациялық кеңестің шешімімен докторанттың ғылыми зерттеулері саласындағы мамандар болып табылатын 3 мүшеден тұратын Диссертациялық кеңестің комиссиясы құрылады.
Диссертациялық кеңестің комиссиясы диссертацияны плагиатқа тексеруді жүзеге асырады.
27. Плагиатқа тексеру нәтижелері туралы қорытынды диссертация қорғалғанға дейін 8 жұмыс күнінен кешіктірілмей Диссертациялық кеңеске ұсынылады.
Диссертациялық кеңестің комиссиясы қорытындысына сәйкес қорғауға кемінде 7 жұмыс күні қалғанға дейін Диссертациялық кеңес докторантты қорғауға жіберу немесе Қағидалардың 5, 6, 7-тармақтарының талаптары бұзылғаны анықталғанда қорғаудан алып тастау туралы шешім қабылдайды.
Қабылданған шешім туралы Диссертациялық кеңес докторантқа 2 жұмыс күні ішінде хабарлайды. Тиісті ақпарат Академияның интернет-ресурсында орналастырылады (мемлекеттік құпияларды және қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертацияларды қорғау жағдайларын қоспағанда).
Докторанттың берілген жазбаша өтініш бойынша қорғауға дейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей диссертацияны қорғаудан алып тастауға мүмкіндігі бар. Диссертацияны қорғаудан алу туралы өтініш Диссертациялық кеңестің төрағасына жолданады.
28. Ресми рецензенттер диссертацияны және жарияланған жұмыстарды зерделеу негізінде диссертациялық кеңеске Үлгі ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша пікірлер ұсынады.
Диссертацияны мақалалар сериясы түрінде қорғаған жағдайда, ресми рецензенттер зерттеу тақырыбы бойынша докторанттың әрбір мақаласының ғылыми деңгейіне түсініктеме береді. Егер мақаланың мазмұнының 2/3 немесе одан да көп бөлігі докторанттың зерттеу тақырыбымен байланысты болмаса, ресми рецензент оны есепке алмайды.
Пікірлерде ресми рецензенттер келесі шешімдердің бірін көрсетеді:
1) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру;
2) егер диссертация Қағидалардың 4 және (немесе) 6-тармақтарына сәйкес келмесе және (немесе) Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген қағидаттарға (академиялық адалдық қағидатын қоспағанда) ішінара сәйкес келсе және (немесе) оған түзетуді талап ететін ескертулер болса, диссертацияны пысықтауға жіберу. Диссертация мақалалар сериясы нысанында қорғалатын жағдайда диссертация пысықтауға жіберілмейді;
3) академиялық адалдық қағидаты бұзылған немесе ғылыми жаңашылдық, ішкі бірлік және дәйектілік қағидаттарына сәйкес болмаса философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту.
Ресми рецензенттердің пікірлерінің көшірмелері докторантқа диссертация қорғалғанға дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей тапсырылады.
Докторант пікірлерді Ғылыми хатшыға береді.
Ресми рецензенттерді ауыстыру жазбаша бас тартқан немесе рецензиялауды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда жүргізіледі. Егер ресми рецензентті ауыстыру туралы шешім 5 жұмыс күнінен аз уақытта қабылданса, онда қорғау күні кейінге қалдырылады.
5. Докторлық диссертацияны қорғауды жүргізу рәсімдері және ол бойынша шешім қабылдау
29. Диссертацияны қорғау бойынша Диссертациялық кеңес отырысы мынадан тұрады:
1) Диссертациялық кеңес төрағасының кворум, отырыстың заңдылыққа сәйкес өткізілуі туралы кіріспе сөзі, докторантты, диссертация тақырыбын, докторантураның білім беру бағдарламасын таныстыру;
2) Ғылыми хатшының докторанттың ғылыми жарияланымдарының толықтығы мен сәйкестігін көрсете отырып, құжаттарының нормативтік талаптарға сәйкестігін хабарлауы;
3) докторанттың сөз сөйлеуі;
4) докторантқа қойылатын сұрақтар және оның жауаптары;
5) докторанттың ғылыми кеңесшілерінің сөз сөйлеулері;
6) диссертациялық жұмыстың ресми рецензенттерінің сөз сөйлеулері;
7) докторанттың рецензент ескертулері мен ұсынымдарына жауаптары;
8) Ғылыми хатшының диссертация мазмұны бойынша Диссертациялық кеңеске келіп түскен бейресми пікірілерді оқуы;
9) докторанттың бейресми пікірлердегі ескертулер мен ұсыныстарға жауаптары;
10) Диссертациялық кеңес мүшелерінің және Диссертациялық кеңес отырысына қатысушылар арасынан ниет білдірушілердің пікір-сайысы;
11) докторанттың қорытынды сөзі;
12) Есептік комиссияның Диссертациялық кеңес құрамынан оның төрағасынан басқа 3 (үш) адамды таңдауы;
13) ғылыми дәреже беру туралы сұрақ бойынша жасырын дауыс беру;
14) Есеп комиссиясы төрағасының құпия дауыс берудің нәтижелері туралы сөзі, Есеп комиссиясының хаттамасын бекіту;
15) көпшілік алдында қорғау нәтижелерін хабарлау;
16) Диссертациялық кеңестің диссертацияны қорғау негізінде шешім қабылдауы.
30. Диссертациялық кеңестің отырысы егер оның жұмысына мүшелерінің кемінде 2/3-і қатысқан жағдайда заңды болып саналады. Үлгі ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Диссертациялық кеңес мүшелерінің келу парағы растайтын құжат болып табылады.
Ресми рецензенттердің және Диссертациялық кеңестің уақытша тағайындалған мүшелерінің Диссертациялық кеңес отырысына қатысуы міндетті болып табылады.
Диссертациялық кеңес мүшелері және ресми рецензенттер қорғауға бейнеконференция нысанында қатыса алады. Ресми рецензенттердің бірі дәлелді себеппен болмаған жағдайда, оның пікірін Ғылыми хатшы оқиды.
Егер диссертация қолданбалы сипатта болса, отырысқа практикалық саланың шақырылған мамандарының қатысуына жол беріледі.
31. Диссертацияны көпшілік алдында қорғау интернет желісінде тікелей онлайн трансляция режимінде (мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын диссертацияларды қоспағанда) жүргізіледі.
Диссертациялық кеңес докторантты, Диссертациялық кеңестің мүшелерін, ресми рецензенттерді диссертацияны қорғауға дейін кемінде 5 жұмыс күні бұрын Диссертациялық кеңестің отырысын бейнеконференция нысанында өтетіні туралы электрондық пошта арқылы және Ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарландыру арқылы хабардар етеді, ол Академия интернет-ресурсында орналастырылады.
Диссертациялық кеңес отырысты бейнеконференция нысанында өткізілгенде:
отырысқа қатысатындардың визуалды идентификациясы;
интернет желісінде отырысқа қатысушылар сөздерінің үздіксіз бейне- және аудио трансляциясы;
отырыстың бейне- және аудиожазбасы;
Диссертациялық кеңес мүшелерінің жасырын дауыс беруі қамтамасыз етіледі.
32. Диссертациялық кеңестің төрағасы, төраға орынбасары және Ғылыми хатшысы докторанттың ғылыми кеңесшілері болып табылған жағдайда, диссертацияны қарау кезінде Диссертациялық кеңестің отырысында өз міндеттерін орындай алмайды.
Диссертациялық кеңес төрағасының міндеттерін орындау төраға орынбасарына, төраға орынбасары мен Ғылыми хатшының міндеттерін орындау Диссертациялық кеңестің шешімімен оның мүшелеріне жүктеледі.
Диссертациялық кеңес төрағасы, оның орынбасары мен Ғылыми хатшы бір мезгілде болмаған жағдайда Диссертациялық кеңестің отырысы өткізілмейді.
Диссертациялық кеңес диссертацияны қорғауды толық көлемде бейнежазбаға түсірілуін қамтамасыз етеді, монтажға жол берілмейді.
33. Диссертациялық кеңес келесі шешімдердің біреуін қабылдау үшін жасырын дауыс беруді жүргізеді:
1) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру;
2) диссертацияны пысықтауға жіберу (диссертация диссертациялық жұмыс нысанында қорғалған жағдайда);
3) диссертацияны қайта қорғауға жіберу;
4) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту.
Диссертациялық жұмыс мәтін бойынша елеусіз ескертулер болған жағдайда, егер оны түзету жұмыстың мәнін өзгертпесе, пысықтауға ұсынылады. Егер диссертация Қағидалардың 4 және (немесе) 6-тармағына сәйкес келмесе және (немесе) Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген қағидаттарға (академиялық адалдық қағидатын қоспағанда) ішінара сәйкес келсе, онда ол қайта қорғауға жіберіледі.
Академиялық адалдық қағидаты бұзылған немесе ғылыми жаңалық, ішкі бірлік, дәйектілік қағидаттарына сәйкес келмеген жағдайда диссертация философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
34. Докторанттың ғылыми кеңесшісі, тікелей басшысы немесе жақын туысқандары болып табылатын Диссертациялық кеңес мүшелері, сондай-ақ шақырылған мамандар дауыс беруге қатыспайды.
35. Құпия дауыс беру басталғанға дейін дауыстарды санау үшін Есеп комиссиясы құрылады, оның мүшелері Диссертациялық кеңес мүшелерінің отырысқа қатысқан көпшілігінің ашық дауыс беруімен сайланады.
36. Ереженің 34-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, отырысқа қатысып отырған Диссертациялық кеңестің мүшелері, сондай-ақ дауыстары Диссертациялық кеңес мүшелерінің дауыстарына тең келетін ресми рецензенттер жасырын дауыс беруге қатысады.
Диссертациялық кеңестің дауыс беруге қатысатын мүшелеріне және ресми рецензенттерге Есеп комиссиясы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бюллетеньдер береді.
37. Дауыс беруші «Дауыс берудің қорытындылары» бағанынан артығын сызып, бюллетенді мөрленген урнаға салады. Содан кейін Есеп комиссисының мүшелерінен басқалары бөлмеден шығады.
38. Есеп комиссиясының мүшелері урнаны ашады, бюллетеньдерді есептейді және дауыс беру қорытындысы бойынша Ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттама жасайды.
Таратылмаған бюллетендер құпия дауыс берудің алдында жасалған тиісті белгімен Есептік комиссияда қалады, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.
Диссертациялық кеңестің дауыс беруге қатысқан Диссертациялық кеңес мүшесінің немесе рецензенттің пікірін анықтауға мүмкіндік бермейтін бюллетендер жарамсыз деп есептеліп, Есеп комиссияның хаттамасында ескеріледі.
Дауыс берудің нәтижесі бойынша Есеп комиссиясының хаттамасына бюллетендер тіркейді.
39. Диссертациялық кеңес құпия дауыс беруге қатысқан Диссертациялық кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы Есеп комиссияның хаттамасын бекітеді.
40. Диссертациялық кеңестің шешімі, егер оған отырысқа қатысқан Диссертациялық кеңес мүшелерінің 3/4-сі және одан көбі дауыс берсе, оң қабылданды деп саналады.
Кеңестің философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту, диссертацияны пысықтауға не қайта қорғауға жолдау туралы шешімі, егер дауыс беруге қатысқандардың 2/3 және одан көбі дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Егер дауыстар көрсетілген санға жетпесе, қайта жасырын дауыс беру өткізіледі, онда диссертацияны пысықтауға немесе қайта қорғауға жіберу туралы, егер оған отырысқа қатысып отырған кеңес мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданады.
41. Диссертациялық кеңестің философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру туралы шешімі немесе диссертацияның Ереженің, Қағидалардың қандай талаптарына сәйкес келмейтіндігі көрсетілген қайта қорғауға жіберу немесе дәрежені беруден бас тарту туралы шешімі қорытынды түрінде ресімделеді. Қорытынды Ережеге 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді, оған Диссертациялық кеңестің төрағасы және Ғылыми хатшы қол қояды.
42. Диссертациялық кеңестің философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы қорытындысы Диссертациялық кеңестің шешім қабылдаған күнінен бастап 3 жұмыс күні ішінде Академияның интернет-ресурсында орналастырылады.
43. Академия Диссертациялық кеңес шешімі негізінде докторантқа философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру (беруден бас тарту) туралы тиісті бұйрықты шешім қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде шығарады.
44. Академия Диссертациялық кеңестің шешімімен философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор берілген адамдарға «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың түрлерін, мемлекеттік үлгідегі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың нысанын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, өз үлгісіндегі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 47 бұйрығына сәйкес мемлекеттік үлгідегі философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша докторы дипломдарын береді.
6. Докторлық диссертацияны пысықтау мен қайта қорғау тәртібі
45. Диссертацияны пысықтауға жіберу туралы шешім қабылданғанда Диссертациялық кеңес диссертациялық жұмыс бойынша нақты ескертулер қамтылған қорытынды шығарады.
Пысықталған диссертациялық жұмыс Диссертациялық кеңеске үш айлық мерзімде ұсынылады, оны 3 айдан артық мерзімге ұзартуға болмайды.
Пысықтау мерзімін ұзарту туралы шешімді Диссертациялық кеңес докторанттың өтініші негізінде қабылдайды. Егер пысықталған Диссертациялық жұмыс белгіленген уақытта ұсынылмаса, докторант қайта қорғаудан өтеді.
Докторант Диссертациялық кеңестің ескертулерімен толық не жартылай келіспейтін жағдайда, ол берілген ескертулерге дәйектелген жауаптарын ұсынады.
46. Диссертациялық жұмысты қайта қорғау алдыңғы қорғаудан 6 айдан кем емес уақыт өткенде Ережеде белгіленген тәртіппен өткізіледі.
Диссертациялық кеңестің уақытша құрамы және ресми рецензенттер сақталады. Диссертация қайта қорғауға 2 реттен артық жіберілмейді.
47. Диссертация қайта қорғауға ұсынылған жағдайда Диссертациялық кеңес диссертацияда бұдан бұрын орын алған бұзушылықтардың жойылуы туралы қорытынды жасау үшін Диссертациялық кеңестен 3 мүшені тағайындайды.
Қорытынды Академияның интернет-ресурсында диссертацияны қорғауға дейін кемінде 10 жұмыс күні бұрын орналастырылады және қорғауда оқылады. Диссертациялық кеңестің отырысы Ереженің 30-тармағында белгіленген тәртіппен өткізіледі. Бұл ретте интернетте онлайн трансляциясыз отырыстың бейнежазбасы жүргізіледі.
48. Пысықталған диссертация ҰМҒТСО-ға плагиатқа тексеруге жіберіледі. ҰМҒТСО анықтамасын алғаннан кейін Диссертациялық кеңес ресми рецензенттермен бірге пысықталған диссертациялық жұмысты және Диссертациялық кеңестің ескертулерін жою мәніне ескертулерге жауаптарды (болған жағдайда) талқылау жөнінде отырыс өткізеді. Диссертациялық кеңестің отырысы Ереженің 30-тармағында белгіленген тәртіппен өткізіледі. Бұл ретте интернетте онлайн трансляциясыз отырыстың бейнежазбасы жүргізіледі.
Талқылаудан кейін жай көпшілік дауыспен жасырын дауыс беру арқылы дәреже беру немесе қайта қорғауға жіберу туралы шешім қабылданады.
49. Философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы Диссертациялық кеңестің шешімі қабылданған диссертация Ереженің 4 және 5-тарауларында белгіленген тәртіппен Академияда алдыңғы қорғаудан кейін бір жылдан ерте емес қайта қорғауға ұсынылады.
7. Апелляция өткізудің тәртібі
50. Докторант философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы Диссертациялық кеңес шешіміне шешім қабылданған күннен бастап 2 ай ішінде Академия ректорының атына ерікті нысанда апелляцияға бере алады.
Көрсетілген мерзім өткеннен кейін апелляция қарауға қабылданбайды.
51. Философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беру мәселелері бойынша дауларды сотқа дейін ретттеу үшін Ереженің 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес апелляция берілген күннен бастап күнтізбелік 1 ай ішінде Академия ректорының бұйрығымен Апелляциялық комиссия құрылады.
52. Апелляциялық комиссия:
1) Апелляциялық комиссия төрағасын сайлайды;
2) философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту туралы Диссертациялық кеңестің шешіміне, сондай-ақ докторлық диссертацияны қорғауды жүргізу бойынша Диссертациялық кеңес тарапынан жіберілген құқық бұзушылықтар фактілеріне және Ережеде және Қағидаларда көзделген өзге де құқық бұзушылықтарға апелляцияны қарайды;
3) өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпараттарды тараптардан сұрайды және алады;
4) докторанттың аттестаттау ісін қарайды және апелляция нәтижесі бойынша құрылған күннен бастап 30 күн ішінде қорытынды дайындайды.
53. Апелляциялық комиссия төрағасы:
1) Апелляциялық комиссия қызметіне басшылық жасайды;
2) Апелляциялық комиссия отырысының орнын және өткізу уақытын анықтайды;
3) Апелляциялық комиссия отырысын шақырады және оған төрағалық етеді.
54. Апелляциялық комиссия қорытындысын комиссия мүшелері ашық дауыс беру негізінде көпшілік дауыспен қабылдайды және оған барлық Апелляциялық комиссия комиссия мүшелері қол қояды.
55. Апелляциялық комиссия апелляцияны қарау нәтижесі бойынша мынадай шешімдердің біреуін таңдайды:
1) апелляцияны қанағаттандыру;
2) апелляцияны қанағаттандырудан бас тарту.
56. Апелляциялық комиссия өз қызметінде Ережені және Қағидаларды басшылыққа алады.
57. Апелляциялық комиссияның шешімі оны қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде докторантқа хабарланады және Академияның интернет-ресурсында орналастырылады.
58. Апелляциялық комиссия хаттамаларының көшірмелері және қорытындылары соңғы шешім қабылдау үшін оған қол қойылған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде Диссертациялық кеңеске жіберіледі.
Осы шешім туралы ақпарат Диссертациялық кеңестің шешімі қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Академияның интернет-ресурсында орналастырылады және шешім қабылданғаннан кейін кемінде 5 ай ішінде қолжетімді болады.
59. Докторант Диссертациялық кеңестің соңғы шешімімен келіспеген жағдайда дауды сот тәртібінде шешуге құқығы бар.
60. Ережеде реттелмеген даулар, оның ішінде философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін беруден бас тарту мәселелері бойынша даулар, апелляция беру мерзімін қайта құру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте шешіледі.
8. Докторлық диссертацияны мемлекеттік тіркеуге және кітапханаларға жіберу тәртібі
61. Ғылыми хатшы қорғаудан кейін 7 жұмыс күні ішінде Академия кітапханасына диссертацияның даналарын қағаз және (немесе) электрондық тасымалдағышта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына (мемлекеттік құпияларды және қызметтік пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын диссертациялардан басқа) электрондық тасымалдағышта береді.
62. Ғылыми хатшы философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияны қорғағаннан кейін күнтізбелік 7 күн ішінде мемлекеттік тіркеу үшін ҰМҒТСО -ға мынадай құжаттарды жібереді:
1) Академия бланкісінде Диссертациялық кеңестің төрағасы немесе Академия ректоры немесе жетекшілік ететін проректор қол қойған ілеспе хат;
2) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 1 қазандағы № 472 бұйрығымен бекітілген Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін қорғалған диссертацияларды мемлекеттік тіркеу қағидаларының 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша мемлекеттік және орыс тілдеріндегі диссертацияның есепке алу карточкасының 2 данасы.
3) диссертацияның 1 данасы қағаз және электрондық тасымалдағышта түптелмеген түрде.
ҰМҒТСО жоғарыда аталған құжаттарды алғаннан кейін философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін диссертацияларға мемлекеттік тіркеу нөмірін береді және күнтізбелік жеті күн ішінде диссертациялық кеңеске мемлекеттік тіркеуді растайтын хабарлама жібереді.
ҰМҒТСО-ға ұсынылған құжаттар қайтаруға жатпайды.
9. Мемлекеттік құпияларды және қызметтік пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын диссертациялар бойынша іс жүргізу ерекшеліктері
63. Мемлекеттік құпияларды қамтитын диссертация «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес ғылыми дәрежелері (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежелері немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі және докторанттың ғылыми зерттеулер саласындағы мамандары болып табылатын екі отандық ғылыми кеңесшінің басшылығымен орындалады.
64. Мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын диссертацияларды қорғау кезінде диссертацияның негізгі нәтижелері Қағидалардың 6-тармағының талаптарына сәйкес жарияланады.
65. Докторанттың бөтен материалды авторға және бөтен материал көзіне сілтеме жасамай пайдалануына мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын диссертацияларды тексеру ҰҒТСО-да немесе комиссиялық түрде жүргізіледі.
66. Мемлекеттік құпияларды немесе қызметте пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертациялар, оларға қатысты докторанттардың қорғауы туралы материалдар Академияның интернет-ресурсында орналастырылмайды.
67. Мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын диссертациялық жұмысты қабылдағаннан кейін оған өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
68. Диссертацияның қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштегі данасы Академияның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесіне беріледі.
Диссертация Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына берілмейді.
69. Мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертацияларды қорғауға Диссертациялық кеңес мүшелері мен ресми рецензенттердің бейнеконференция нысанында қатысуына, сондай-ақ Интернетте таратылуына жол берілмейді.
Мемлекеттік құпияларды немесе қызметтік пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын бар диссертациялар бойынша теріс шешім қабылдаған кезде Академияның интернет–ресурстарында ақпарат орналастырылмайды.
70. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып табылмайтын Диссертациялық кеңес мүшелері, ғылыми кеңесшілер және ресми рецензенттер Академия ректорының рұқсатымен қызметтік пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертациялық жұмыспен таныстыруға жіберіледі.
Көрсетілген адамдар қызметтік пайдалану үшін мәліметтерді қамтитын диссертациялық жұмыспен Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен таныстырылады.
10. Докторанттың аттестаттау ісін қалыптастыру
71. Ғылыми хатшы Диссертациялық кеңесте докторлық диссертацияны қорғағаннан кейін 30 күн ішінде докторанттың аттестаттау ісін қалыптастырады. Докторанттың аттестаттау ісі Ережеге 2-қосымшаға сәйкес қалыптастырылады.
72. Диссертациялық кеңес қызметі бойынша құжаттар, докторанттың аттестаттау ісі Ғылыми хатшыда 2 жыл сақталуда болады және осы мерзім өткеннен кейін Академияның мұрағатына беріледі.
11. Қорытынды ережелер
73. Ережеге өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда және Диссертациялық кеңестің өзге де құжаттары Диссертациялық кеңестің кемінде 2/3 мүшесінің ұсынысы бойынша Диссертациялық кеңестің отырысында енгізіледі және Академия ректоры бұйрығымен бекітіледі.
74. Диссертациялық кеңестің жұмысына жалпы жауаптылық төрағаға жүктеледі.
75. Академияның құрылымдық бөлімшелеріне, мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға Диссертациялық кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Диссертациялық кеңестің атынан жіберілетін құжаттарға төраға қол қояды, ол болмаған жағдайда Ғылыми хатшы қол қояды.
76. Диссертациялық кеңестің жалпы іс қағаздарын Ғылыми хатшы Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары, мекемелері және білім беру ұйымында құжаттандыру және құжаттарды басқару ережесіне және құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру-өкімдік актілерге сәйкес жүзеге асырады.