«Қылмыстық процестегі конституциялық негіздердің үстемдігі» атты ғылыми-практикалық семинар Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өтті.
Оның жұмысына Жоғарғы сот, Конституциялық Кеңес, құқық қорғау органдары, ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Форумға қатысушылар атап өткендей, қылмыстық процесте Конституциялық қағидаттарды сақтау құқық қорғау жүйесінің қызметін бағалаудың басты өлшемдерінің бірі болып табылады. Қазақстанда қылмыстық-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту, қылмыстық процесс орбитасына тартылған азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі дәйекті шаралар қабылдануда.
Пікірталас барысында құқық қорғау стандарттарын сақтаудың өзекті мәселелері, қылмыстық іс жүргізу заңнамасының ұлттық нормаларының халықаралық құқықтық қағидаттарға сәйкестігі талқыланды.
Семинар қорытындысы бойынша қылмыстық процесс институттарын одан әрі жетілдіру, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу кепілдіктерін сақтау, прокурорлық-тергеу қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірленді.