Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өткен «Үздік сот процесі» байқауында алғашқы кәсіптік даярлықтың 12-легінің курсанттары кәсіби білімдерін, шешендік шеберліктерін және сот талқылауына қатысу дағдыларын көрсетті.
Прокуратура органдарының 35 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыруға, кәсіби дағдыларды жетілдіруге және даярлық деңгейі жоғары болашақ мемлекеттік айыптаушыларды анықтауға бағытталды.
Мұндай байқау Академияда алғаш рет өткізілді. Курсанттардың сегіз тобы өзекті қылмыстық істер бойынша, оның ішінде алқабилердің қатысуымен өткен сот процестерінің бейнежазбаларын ұсынды.
Байқау жұмыстарын бағалау барысында комиссия процестік нормалардың сақталуын, шешендік шеберлікті, сөйлеу мәдениетін, іс мән-жайларының толық ашылуын және дәлелдемелердің ұсынылуын, сондай-ақ бейнематериалдардың сапасы мен актерлік шеберлікті ескерді.
Байқау қорытындысы бойынша 1-топ Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды 8-топ, екінші орынды 5-топ, үшінші орынды 3-топ иеленді.
Сонымен қатар бес номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік шешендік шеберлік» номинациясында Нұрсұлтан Құралбаев, «Үздік актерлік шеберлік» номинациясында Мөлдір Қайбасова жеңіске жетті. Үздік сценарий үшін 4-топ марапатталса, көрермендер көзайымы жүлдесін 7-топ иеленді. Үздік операторлық жұмыс үшін 2-топ марапатталды.
Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Байқау курсанттардың зияткерлік әлеуеті мен меңгерген дағдыларын көрсету алаңына айналып қана қоймай, олардың кәсіби қалыптасу жолындағы маңызды қадам болды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz






