Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров бастаған делегация 2026 жылғы 16-18 қарашада Катардың Доха қаласында өткен Академиялардың халықаралық қауымдастығының (INTERPA) 15-ші жыл сайынғы конференциясына қатысты.
Конференция цифрлық трансформация дәуірінде қауіпсіздік саласындағы білімді қалыптастыру мен басқаруда құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының рөліне арналды. Қатысушылар цифрлық технологиялардың, киберқылмыстың және жасанды интеллектінің құқық қорғау органдарының қызметіне әсеріне ерекше назар аударды.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі Академияның INTERPA құрамына ресми түрде қабылдануы болды. Бұл халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, озық тәжірибе алмасуға және құқық қорғау кадрларын даярлау жүйесін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қауымдастық әлемнің 65-тен астам еліндегі 82-ден астам білім беру ұйымын біріктіреді және құқық қорғау органдарына кадр даярлау саласындағы кәсіби ынтымақтастық алаңы болып табылады.
Конференция барысында қазақстандық делегация INTERPA президентімен, сондай-ақ Катар, Вьетнам, Үндістан, Өзбекстан және Беларусь академияларының басшылары мен өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Тараптар алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын, кәсіби тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Конференцияға қатысу және INTERPA-ға мүше болу Академияның халықаралық кәсіби қоғамдастықтағы орнын нығайтып, бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz





