Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы делегациясының Италияға жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар нақты нәтижесін берді. 2026 жылғы 13 қарашада Академия Еуропалық жария құқық ұйымымен (EPLO) және Еуропалық құқық және басқару университетімен (ELGU) бірлесіп, келісілген бастамаларды бекітетін бес құжатқа қол қойды.
Құжаттарға «Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар және шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында қол қойылды. Олар бірлескен ғылыми жобаларды, білім беру бағдарламаларын, шетелдік тағылымдамаларды және цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған.
Негізгі нәтижелердің бірі Академия базасында EPLO өңірлік орталығының ашылуы болды. Салтанатты рәсімге EPLO-ның білім беру мәселелері жөніндегі бас директоры Панорайя Спилиопулу қатысты.
Жаңа орталық ғылыми және білім беру байланыстарын дамытуға, тәжірибе алмасуға және құқық қорғау органдарының кадрларын даярлауға ықпал етеді. Басым бағыттардың қатарында қылмыстық сот төрелігі, трансұлттық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, активтерді қайтару, цифрлық трансформация және киберқауіпсіздік бар.
Жеке келісім негізінде Академияның Ғылыми профилактика және ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіру орталығы базасында Бірлескен халықаралық зерттеу орталығы құрылды. Оның қызметі салыстырмалы-құқықтық зерттеулер жүргізуді, шетелдік құқық қорғау тәжірибесін зерделеуді, талдамалық материалдар мен заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеуді қамтиды.
Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық аналитика жөніндегі бірлескен халықаралық кафедра құрылды. Оның қызметі оқу курстарын әзірлеуді, ғылыми зерттеулер жүргізуді және прокурорлық әрі тергеу қызметіне арналған цифрлық құралдарды сынақтан өткізуді қамтиды. Атап айтқанда, жасанды интеллект, цифрлық криминалистика және киберқауіпсіздік бағыттарына ерекше назар аударылады.
Тағы екі келісім жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Біріншісі Академия докторанттарының ELGU университетінде еуропалық профессорлардың жетекшілігімен ғылыми тағылымдамадан өтуін және университеттің зерттеу ресурстарын пайдалануын реттейді. Екіншісі магистранттар мен докторанттардың Академиядағы негізгі оқуымен қатар ELGU-дың магистрлік бағдарламалары бойынша білім алуын көздейді.
Ынтымақтастықтың алғашқы практикалық нәтижелері де бар. Қазіргі уақытта Академия магистранттарының бірі ELGU университетінде жасанды интеллект, этика, құқықтық реттеу және инновацияларға арналған LLM in AI, Ethics, Regulation and Innovation бағдарламасы бойынша білім алуда.
2027 жылдың көктемінде Академияның сегіз докторанты Рим қаласында ғылыми тағылымдамадан өтеді деп жоспарланған. Олар еуропалық профессорлардың жетекшілігімен тергеп-тексерудің цифрлық әдістері, экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, кәмелетке толмағандарды зорлық-зомбылықтан қорғау және басқа да өзекті бағыттар бойынша зерттеулерін жалғастырады.
Бұдан бөлек, Академия мен ELGU түлектерге екі оқу орнының дипломын алу мүмкіндігін беретін бірлескен магистрлік бағдарламаны әзірлеу мәселесін талқылауда.
Құжаттарға қол қою алдында Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров Римде EPLO және ELGU басшылығымен келіссөздер жүргізді. Тараптар Академия қызметкерлерінің ғылыми еңбектерін EPLO басылымдарында жариялау және халықаралық гранттық жобаларға бірлесіп қатысу мәселелерін де қарастырды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын іске асыруға, білім алушылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және құқық қорғау кадрларын даярлау жүйесіне озық халықаралық тәжірибені енгізуге негіз қалайды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz



