Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Еуропалық құқық және басқару университетімен (ELGU) әріптестікті нығайтуда. Рим қаласында еуропалық әріптестермен жүргізілген келіссөздер барысында ғылыми зерттеулер мен кәсіби даярлық саласындағы өзара іс-қимылдың алдағы бағыттары айқындалды.
ELGU және Еуропалық жария құқық ұйымы (EPLO) басшылығының қатысуымен ғылыми және академиялық ұтқырлықты дамыту перспективалары қарастырылды. Тараптар Академияның докторанттары мен оқытушылары үшін қосымша мүмкіндіктер ашатын ғылыми тағылымдамадан өту және білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттарға қол қоюды жоспарлап отыр.
2027 жылдың көктемінде Рим қаласына ғылыми тағылымдамадан өтуге Академияның сегіз докторантынан құралған алғашқы топ аттанады. Еуропалық профессорлардың жетекшілігімен олар цифрлық тергеу әдістері, экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл және кәмелетке толмағандарды зорлық-зомбылықтан қорғау сияқты өзекті бағыттар бойынша ғылыми зерттеулерін жалғастырады.
Бұдан бөлек, Академия мен ELGU жасанды интеллектіні құқықтық реттеу саласын қоса алғанда, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелерін пысықтауда. EPLO-мен өзара іс-қимыл аясында Академия қызметкерлерінің ғылыми еңбектерін ұйымның басылымдарында жариялау, сондай-ақ халықаралық жобалар мен гранттық бағдарламаларға қатысу көзделген.
Әріптестіктің жаңа бағыттары халықаралық ғылыми алмасуды кеңейтуге, Академияның зерттеу әлеуетін нығайтуға және еуропалық академиялық қауымдастықтың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz

