Рим қаласында өткен қылмыстық сот төрелігіндегі цифрлық қорғау мәселелеріне арналған форум аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының делегациясы еуропалық және итальяндық академиялық қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Еуропалық жария құқық ұйымының (EPLO) Римдегі кеңсесінің директоры, профессор Бернардо Маттарелламен кездесу өтті. Тараптар Академияның EPLO және Еуропалық құқық және басқару университетімен (ELGU) өзара іс-қимыл перспективаларын, сондай-ақ еуропалық академиялық қауымдастықпен байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар делегация Рома Тре университетінің профессоры Ливия Лоренцонимен және Карло Бо атындағы Урбино университетінің профессоры Маттео Гнеспен кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, итальяндық профессорларды Академияның білім беру бағдарламаларына тарту, сондай-ақ докторанттардың Италия университеттерінің ғылыми және кітапхана ресурстарына қол жеткізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Итальяндық әріптестер серіктестікті дамытуға қызығушылық білдірді. Академияның магистранттары мен докторанттарына арнап қонақ дәрістерін ұйымдастыру және ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу мүмкіндігін пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бүгінде EPLO желісі 75-тен астам университет пен ғылыми-зерттеу институтын біріктіреді. Бұл Академияның еуропалық білім беру және ғылыми кеңістікке интеграциялануы үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz


