Семей қаласында адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қорытынды тренинг өтті. Іс-шараны Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен және Абай облысының прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Тренинг Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2024-2026 жылдарға арналған адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасы, алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асырудың қорытынды кезеңі болды.
Тренингтің ашылуында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов пен Абай облысы прокурорының бірінші орынбасары Ізбасар Масақбаев сөз сөйледі. Олар адам саудасына қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың және өңірлік өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.
Екі күндік оқу бағдарламасы адам саудасына қатысты қылмыстық істерді тергеудің заманауи әдістерін, прокурорлық қадағалау және сотта мемлекеттік айыптауды қолдау мәселелерін қамтыды.
Қатысушылар дәлелдеу, халықаралық өзара іс-қимыл, сондай-ақ зардап шеккендердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды. Практикалық сабақтар барысында тергеу жүргізу және сот талқылауына қатысу тактикасын пысықтады.
Академия бұл бағыттағы жұмысты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2027-2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында жалғастырады. Атап айтқанда, цифрлық ортадағы адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша оқытуды ұйымдастыруда Академияға негізгі рөл жүктелген.

