Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тосқауыл қою және жазалау» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Қызметкерлер мен білім алушылар алдында 2017–2021 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған полиция генерал-лейтенанты, заң ғылымдарының кандидаты Алик Шпекбаев сөз сөйледі.
Дәріскер Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесінің даму кезеңдері, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауаптылық мәселелерін баяндады.
Ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, қоғамдық бақылауды нығайту және мемлекеттік қызметшілердің заңдылық, адалдық, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын сақтауы мәселелері қаралды.
Кездесу болашақ құқық қорғау мамандарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың практикалық қырларымен танысуға мүмкіндік берді.




