Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өткен халықаралық дөңгелек үстелде киберқылмыстың қазіргі үрдістері және цифрлық қылмыстарды тергеудің жаңа тәсілдері талқыланды.
Іс-шараны ашқан Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров киберқылмыстың трансшекаралық сипатын ескере отырып, құқық қорғау органдары мен халықаралық әріптестердің күш-жігерін біріктірудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ құқықтық тетіктерді жетілдірудің және жаңа сын-қатерлерге тиімді ден қоя алатын мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Бас Прокурор Аппаратының басшысы Алмаз Мұхаметжанов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің, құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Талқылауға Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан мамандары онлайн форматта қосылды.
Қатысушылар цифрлық кеңістіктегі өзекті қауіптер, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып қылмыс жасаудың жаңа тәсілдері, сондай-ақ оларды анықтау мен тергеу тиімділігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты.
Құқық қолдану практикасын жетілдіру, цифрлық дәлелдемелерді жинау, бекіту және пайдалану, киберқылмысқа қарсы іс-қимылды нормативтік-құқықтық реттеу, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жүйесін дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттары айқындалды.








