2026 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында прокуратура органдарында қызмет атқаруға арналған алғашқы кәсіптік даярлық бағдарламасын аяқтаған тыңдаушылардың кезекті шығарылымы өтті.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Жұмағали Асхат қатысты. Ол түлектерді құттықтай отырып, жас прокурорлардың алдағы міндеті – «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру екенін атап өтті. Сондай-ақ қызметтік борышты адал атқарып, жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытудың маңыздылығына тоқталды.
Оқу қорытындысы бойынша 100 болашақ прокурорға алғашқы кәсіптік даярлық бағдарламасын аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. Оқу барысында жоғары нәтижелер көрсеткен 10 тыңдаушы Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың алғыс хатымен марапатталды.
Биыл даярлау бағдарламасы прокурорлық қадағалаудың сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қоғамдық мүдделерді қорғау бағыттары бойынша екі мамандандырылған курспен толықтырылды. Сонымен қатар, бағдарламаға киберқылмыстар туралы істер бойынша прокурорлық қадағалау мәселелері мен прокурорлардың практикалық қызметінде жасанды интеллект құралдарын қолдану тақырыптары енгізілді.
Жуырда түлектер прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелерінде қызметтік міндеттерін атқаруға кіріседі. Оқу барысында алған білімдері мен практикалық дағдылары олардың заңдылықтың сақталуын тиімді қамтамасыз етуіне, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғауына, сондай-ақ қазіргі заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап беруіне мүмкіндік береді.
Айта кету керек, алғашқы кәсіптік даярлық институты Қазақстанда 2020 жылдан бері жұмыс істейді және прокуратура органдары үшін кадрлар даярлау жүйесінің маңызды буындарының бірі болып саналады. Оның қызметі қажетті кәсіби құзыреттерге және жоғары адамгершілік құндылықтарға ие прокурорлар корпусын қалыптастыруға бағытталған.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz













