Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Түркия Республикасының Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) құқық қорғау органдары үшін кадрлар даярлау саласындағы жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Кездесуге Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров, Қазақстандағы TİKA кеңсесінің бағдарлама үйлестірушісі Фуат Эрдогмуш, Түркия Ішкі істер министрлігі Қауіпсіздік бас басқармасының Кадрлар департаменті басшысының орынбасары Фатих Қызылкая және TİKA жанындағы халықаралық полиция білім беру жобасының үйлестірушісі Ислам Исмайл қатысты.
Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын кеңейту перспективаларын қарастырды. 8–12 маусым аралығында Академия базасында қазақстандық құқық қорғау органдарының кадрлық бөлімдері қызметкерлері үшін «Адами ресурстарды басқару» біліктілікті арттыру курсы өтіп жатқаны атап өтілді.
Киберқылмыспен күрес мәселелеріне, Киберқылмыстарға жедел әрекет ету ұлттық орталығы (USOM) және Қаржылық қылмыстарды тергеу кеңесімен (MASAK) тәжірибе алмасуға, сондай-ақ прокуратура қызметкерлері үшін жаңа бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Жоспарланған бастамаларды іске асыру Қазақстан-Түркия арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.




