Құқық қорғау органдары академиясында ведомстволық білім беру жүйесін дамыту мәселелері талқыланды

2026 жылғы 25 мамырда Құқық қорғау органдары академиясының базасында білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының әскери және арнайы оқу орындары қауымдастығының отырысы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларын, құқық қорғау органдарының ведомстволық білім беру жүйесін дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын, сондай-ақ Құқық қорғау органдарындағы білім беру сапасын арттыру жылы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамаларды орындау шеңберінде ұйымдастырылды.

Отырыс барысында Қауымдастық мүшелерінің әскери және арнайы оқу орындарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған ұсыныстары қаралды. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама мен ведомстволық нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу бойынша бірыңғай тәсілдер әзірленді.

Қауымдастыққа мүше білім беру ұйымдары арасындағы білім беру бастамаларын үйлестіру, озық тәжірибе алмасу және өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Отырыс қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар одан әрі қарау және іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданатын болады.