ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру

18–22 мамыр аралығында Құқық қорғау органдары академиясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметкерлеріне арналған «ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне тергелетін істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу ерекшеліктері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтуде.

Оқу бағдарламасы сыбайлас жемқорлық және лауазымдық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тиімді ұйымдастыруға қажетті кәсіби құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ тергеу әдістемесі мен тактикасын жетілдіруге бағытталған.

Курс барысында қызметкерлер процессуалдық шешімдер қабылдау, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу кезінде заңдылықты сақтау, парақорлық фактілерін, сыбайлас жемқорлық саласындағы жымқыруларды тергеу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау мәселелерін қарастырады.

Бағдарламада халықаралық ақпарат алмасу құралдарын пайдалану, активтерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл, цифрлық дәлелдемелерді жинау және зерттеу, сондай-ақ тергеу барысында OSINT-құралдары мен жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Тәжірибелік бөлім нақты кейстерді талдауды, тергеу жағдайларын модельдеуді және ведомствоаралық өзара іс-қимыл дағдыларын жетілдіруді қамтиды.

Курсты өткізу қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарын тергеу тетіктерін жетілдіруге ықпал етеді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz