Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғасым Әжітаевқа арнайы барып, құрмет көрсетті.
Нұрғасым Әжітаев 1925 жылғы 1 қаңтарда Семей облысының Сарқымас ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Новосібір қаласындағы мергендер мектебін тәмамдаған соң майданға аттанған. Ол Курск шайқасына, Берлинді алуға және Жапонияға қарсы әскери қимылдарға қатысып, әскери қызметін рота старшинасы шенінде аяқтаған.
Соғыстан кейін ардагер еңбек және қоғамдық қызметке белсене араласып, әртүрлі жауапты лауазымдарда жұмыс істеді, қоғам дамуына елеулі үлес қосты. Жеті бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 10 немере мен 13 шөбере сүйіп отырған ардақты қария. Ол жауынгерлік және мерейтойлық медальдармен, оның ішінде «Жеңіс үшін» медалімен, сондай-ақ адал еңбегі үшін берілген марапаттармен наградталған.
Кездесу барысында Академия қызметкерлері ардагерге естелік сыйлық табыстап, өзімен және отбасы мүшелерімен сұхбаттасты, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар туралы естеліктерін тыңдады. Қонаққа арнап домбырамен «Алқалы жұртым, армысың» термесі орындалды.
Академия қызметкерлері ардагерге көрсеткен ерлігі мен Отанға адал қызметі үшін шынайы алғыстарын білдіріп, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Іс-шара ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастардың патриоттық тәрбиесін күшейтуге бағытталған маңызды тағылымды кездесу болды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz

