Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты қайталама қылмыс жасауға ықпал ететін негізгі факторларды айқындауға және рецидив деңгейін төмендетудің тиімді тетіктерін әзірлеуге бағытталған қолданбалы зерттеуді аяқтады.
Зерттеу Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2-Қызметінің тапсырмасы бойынша Академияның ғылыми ұжымының қатысуымен, қылмыстық-атқару жүйесі, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті қызметкерлерінің көмегімен, сондай-ақ психология, әлеуметтану саласындағы мамандарды және адвокаттық қоғамдастық өкілдерін тарта отырып жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері қайталанған қылмыстың алдын алу құқық бұзушының тұлғасын терең зерделеуді, кеңейтілген статистикалық деректерді пайдалануды, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы қайта әлеуметтендіру бағдарламаларының тиімділігін бағалауды қамтитын жүйелі тәсілді талап ететінін көрсетті.
Зерттеу аясында практикалық ұсыныстар кешені әзірленді, оның ішінде: құқық бұзушылықтардың ерте алдын алуға бағытталған жаңа әдістемелер мен алгоритмдер арқылы профилактиканы күшейту; «Қайталама қылмыстылық детерминанттарының шоғырландырылған тізілімі» негізінде предиктивтік талдауды енгізу (2026 жылғы 11 ақпандағы № 67333 авторлық куәлік); мемлекеттік статистикалық есепті жетілдіру; сондай-ақ нәтижелерді мүдделі органдардың қызметіне енгізу.
Ұсынылған бастамаларды іске асыру қайталама қылмыстылықтың алдын алу тәсілдерін жүйелеуге, профилактикалық жұмыстың нысаналығын арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді.
