Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында ғылыми зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы туралы

2026 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында «Азаматтық тәркілеу: құқықтық табиғаты, шетелдік тәжірибе және Қазақстан Республикасының моделі» тақырыбындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы өтті. Іс-шара құқық қорғау органдарында ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы аясында және «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Зерттеу Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының авторлық ұжымымен әзірленді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің өкілдері қатысты.

Таныстырылым барысында азаматтық тәркілеу институтының теориялық-құқықтық негіздерін және оны практикалық іске асыру тетіктерін ашып көрсететін оқу құралының негізгі ережелері ұсынылды. Сонымен қатар шетелдік тәжірибеге жүргізілген салыстырмалы-құқықтық талдау нәтижелеріне ерекше назар аударылды.

Зерттеудің маңыздылығы Қазақстан Республикасының ұлттық моделін, оның ішінде қолданыстағы құқықтық және институционалдық тетіктерді жан-жақты қарастыруымен айқындалады. Қылмыстық қудалау шеңберінен тыс заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері де қамтылды.

Сондай-ақ зерттеу аясында заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленіп, азаматтық тәркілеудің тиімділігін (рентабельділігін) бағалау формуласы ұсынылды.

Таныстырылым қорытындысы бойынша зерттеу жоғары бағаға ие болды. Қатысушылар оның практикалық маңыздылығын және уәкілетті органдардың активтерді қайтару жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыруға қосқан үлесін атап өтті.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz