Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Қызылорда облысының прокуратурасымен бірлесіп «Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаудың өзекті мәселелері» тақырыбында өңірлік мемлекеттік айыптаушылар форумын өткізді.
Іс-шара Қызылорда қаласының Достық үйі ғимаратында ұйымдастырылып, оған облыс прокурорлары, сот корпусының өкілдері және Академияның профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Форумды Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров ашты. Сөз сөйлегендер қатарында Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров және Қызылорда облыстық сотының төрағасы Әділхади Шығамбаев болды.
Өз сөзінде Академия ректоры заманауи мемлекеттік айыптаушы тек процессуалдық тұлға ғана емес, сонымен қатар заңның өкілі, дәлелдеу стратегиясының құрастырушысы әрі кәсіби шешен екенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік айыптаушының біліктілігі мен ұстанымы қоғамның сот жүйесіне деген сеніміне тікелей әсер етеді.
Алқабилердің қатысуымен өтетін сот процестеріндегі прокурордың рөліне ерекше назар аударылды. Мұндай істерде дәлелдерді ұсыну құрылымы, уәждің сапасы және соттағы тактикалық мінез-құлық іс нәтижесіне тікелей ықпал ететіні айтылды.
Форум бағдарламасы қолданбалы оқыту форматына басымдық бере отырып құрылды. Бірінші бөлімде алқабилердің қатысуымен істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаудың ерекшеліктері, сот назар аударатын негізгі аспектілер, айыптау ұстанымын құрудың тактикалық тәсілдері, сендіру дағдылары мен сот риторикасын дамыту мәселелері талқыланды.
Күннің екінші жартысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті алаңында сот процесін модельдеуге және мемлекеттік айыптаушылардың практикалық дағдыларын пысықтауға бағытталған квест-технология форматындағы интерактивті тренинг өтті.
Осындай көшпелі іс-шараларды өткізу Академияның практикаға бағдарланған оқытуды дамыту, симуляциялық форматтарды енгізу және мемлекеттік айыптаушылардың кәсіби деңгейін арттыру стратегиясына сәйкес келеді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz




