Астанада этносаралық қақтығыстарды реттеу бойынша семинар-тренинг өтті

2025 жылғы 24-25 қарашада Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ҚХА-ның қолдауымен «Этносаралық топтардағы қақтығыстар. Оларды реттеу құралдары» атты семинар-тренинг өткізді.

Іс-шара құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің этносаралық қақтығыстардың алдын алу саласындағы құзыреттерін арттыруға, этномедиация және дағдарыстық коммуникация дағдыларын шыңдауға бағытталды.

Қатысушылар этносаяси саладағы қазіргі заманғы сын-қатерлерді, жаппай мінез-құлық ерекшеліктерін және этносаралық шиеленіс жағдайларына ден қою тәсілдерін талқылады. Дәрістер мен практикалық сабақтарды Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры міндетін атқарушы Луиза Узарова мен Академия профессоры Ұлбосын Жанатаева жүргізді.

Семинар-тренинг этносаралық келісім мен қоғам бірлігін нығайтуға бағытталған тәжірибе алмасу және ұсыныстар әзірлеу алаңына айналды.