2025 жылғы 25 қарашада Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Сыни тұрғыдан ойлау және кәсіби оқыту арқылы экстремизмнің алдын алу» тренингтерінің ашылуы өтті. Іс-шара алғаш рет өткізіліп отыр және PREVECA II жобасы аясында Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) Өкілдігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров құттықтау сөз сөйлеп, деструктивті идеологияға қарсы тұру құралы ретінде сыни ойлауды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол экстремизмнің сананы бақылауға бағытталғанын, ал адамның талдау және логикалық тұрғыдан тексерілген қорытынды жасау қабілеті азғырып көндіру мен психологиялық ықпалдан қорғанудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
Ашылу салтанатына GIZ жобасының жетекшісі Штефан Бухмайер мен полиция бастығы, Гессен мемлекеттік басқару және қауіпсіздік саласындағы қолданбалы ғылымдар университетінің кампус жетекшісі (HöMS) Маттиас Май қатысты. Ресми бөлімнен кейін қатысушылар ұжымдық суретке түсіп, бағдарлама бойынша жұмысқа кірісті.
Бірінші сессия аясында прокуратура және полиция органдарының тыңдаушылары Германияның полиция жүйесіндегі экстремизмнің алдын алу тәжірибесімен, қызметкерлерді даярлау процестерімен, ішкі бақылау мәселелерімен және экстремизмге төзімділік саласындағы HöMS зерттеу жобаларымен танысты.
Тренингтердің ашылуы кәсіби дағдыларды дамытуға және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің радикалданудың заманауи қауіп-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасауға дайындығын арттыруға бағытталған төрт күндік бағдарламаның бастапқы нүктесі болды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (701) 512-64-30
Email: 7340104@prokuror.gov.kz




