19-20 қарашада Алматыда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігімен және Америка Құрама Штаттары елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған адам саудасына қарсы күрес саласындағы қылмыстық заңнама жаңалықтары бойынша республикалық семинар өтті.
Іс-шара судьялар, прокурорлар мен адвокаттарды біріктіріп, заңнаманы талдау, сот тәжірибесін талқылау және жәбірленушілерді қорғау тетіктерін жетілдіруге арналған кәсіби алаңға айналды. Қатысушылар «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңын жүзеге асыруға және қылмыстарды саралау тәсілдерін біріздендіруге ерекше назар аударды.
Бағдарлама аясында қылмыстың трансұлттық түрлері, қанаудың цифрлық әдістері, тергеуде жасанды интеллектті қолдану қарастырылды. Сонымен қатар Академияның Халықаралық көші-қон ұйымымен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар кеңсесімен жәбірленушілерді анықтау және қолдау мәселелері бойынша бірлескен зерттеулерінің нәтижелері ұсынылды.
Академия проректоры Маралбек Ешімов мамандарды жүйелі даярлау заң нормаларын іс жүзіндегі алгоритмдерге айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясы басшысының міндетін атқарушы Әлия Белоносова келісілген әрекеттердің маңыздылығы мен жәбірленушілер құқықтарының басымдығын баса айтты.
Семинар ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтып, сот төрелігінің орталығында адамға бағытталған бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етті.




