2025 жылғы 6 қарашада Ашхабадта Орталық Азия елдеріне арналған БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Аймақтық бағдарламасы Басқарушы комитетінің жыл сайынғы отырысы өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров басқарды.
Делегация басшысы өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ ЕҚБ-мен серіктестігінің стратегиялық және ұзақ мерзімді сипаты туралы айтты. Сонымен қатар синтетикалық есірткіге қарсы күрес, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және қарулы қақтығыстарға қатысқан сотталғандарды оңалту жөніндегі бірлескен бастамалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айрықша атап өтті.
Ректор алдағы кезеңге арналған трансұлттық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау саласындағы зерттеу әлеуетін арттыру, тәжірибелік жаттығулар мен тағылымдамалар ұйымдастыру, Академия базасында Цифрлық криминалистикалық зертхана құру, сондай-ақ цифрлық іздерді талдауға жасанды интеллект технологияларын енгізу сияқты ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын анықтап көрсетті.
Қазақстанның отырысқа қатысуы еліміздің аймақтық қауіпсіздік пен заң үстемдігін нығайту мәселелеріндегі белсенді ұстанымын растады. Құқық қорғау органдары академиясы қызметкерлердің кәсіби әлеуетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және құқық қорғау жүйесінің кадрларын даярлауға инновациялық тәсілдерді енгізуге өз үлесін қоса береді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (701) 512-64-30
Email: 7340104@prokuror.gov.kz



