Азаптауды тергеу жөніндегі курс аяқталды: прокурорлар жаңа білім мен дағдыларға ие болды

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында «Азаптау туралы қылмыстық істер бойынша тергеу және қадағалауды жүзеге асыру дағдылары» тақырыбы бойынша прокуратура қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың бір апталық курсы аяқталды.

Курстың мақсаты прокурорлардың азаптау туралы қылмыстық істерді тергеу және қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету дағдыларын жетілдіру болды.

Бағдарлама аясында қатысушылар құжаттандыру, жедел ден қою, азаптауды қолдану фактілерін анықтау және жою, сондай-ақ тиісті қылмыстық істерді тергеу саласындағы білімдерін тереңдете түсті. Бір апта ішінде прокурорлар тергеу әрекеттерін симуляциялық тренинг форматында ₋ СДТБТ-да тіркеуден бастап тергеу аяқталғанға дейін өткізу бойынша оқытудан өтті.

Курстың негізгі жаңалықтарының бірі ₋ қылмыстық істі тергеуді электронды форматта жүргізу, бұл оқытуды қол жетімді, интерактивті және тәжірибеге бағыттауға мүмкіндік берді.

Сабақтарды Академияның жетекші оқытушылары, Бас прокуратура қызметкерлері, Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы және «Қадір-қасиет» ҚБ-ның директоры өткізді. Оқыту барысында практиканың өзекті және проблемалық мәселелері, соның ішінде лауазымды адамдардың іс-әрекеттері мен іс жүргізу шешімдеріне соттарға шағымдану, сондай-ақ бұлтартпау шаралары талқыланды.

Курстардың қорытындысы бойынша барлық қатысушылар азаптау туралы қылмыстық істерді тергеу саласындағы жаңа білімдері мен құзыреттерін растайтын сертификаттар алды.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email:
7171498@prokuror.kz