Шах және мат! Прокуратура қызметкерлері арасындағы  турнирдің қорытындысы 

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай прокуратура органдарының қызметкерлері арасында шахматтан турнир аяқталды.

Мақсұт Нәрікбаев Бас Прокурор, Жоғарғы Соттың Төрағасы және КАЗГЮУ ректоры лауазымдарын атқара отырып Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытуға, прокуратура органдарының қызметін жетілдіруге және сот жүйесін реформалауға елеулі үлес қосты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Қазақстан  шахмат федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Ануар турнирді ашып, қатысушыларды қарсы алды және «Адал Азамат» қағидаттары прокуратура қызметкерлерінің адалдығына, әділдігіне және жоғары жауапкершілігіне негізделгенін атап өтті. Ол бұл құндылықтар салмақты шешімдер қабылдауға, стратегиялық әрекет етуге және өз іс-әрекеттері үшін жауап беруге көмектесетінін, бұл оларды кәсіби қызметте де, шахматта да маңызды ететінін атап өтті.

Іс-шараның құрметті қонағы Maqsut Narikbayev University (MNU) ректоры, М.С. Нәрікбаевтың ұлы Талғат Нәрікбаев болды. Ол өз сөзінде шахмат зияткерлік спорт ретінде логикалық ойлауды, шыдамдылықты және стандартты емес шешімдерді таба білуді дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл дағдылар ойында да, кәсіби өсуде де пайдалы. Сондай-ақ MNU ректоры барлық қатысушыларға зияткерлік даму мен кәсіби жетілдіруге деген ұмтылысын атап өтіп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Жарысқа аумақтық прокуратуралардың, Бас прокуратура мен Академия бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Турнир Швейцария жүйесі бойынша халықаралық ФИДЕ ережелеріне сәйкес компьютерлік жеребемен ұйымдастырылған 9 турдан тұрды. Уақытты бақылау – әрбір қатысушыға қосымшасыз 10 минут.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар:

1 орын — Мади Аслан Жетпісбайұлы;

2 орын — Аймбетов Қазбек Теміржанұлы;

3 орын — Тлеубаев Дәулет Казиханұлы.

Жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мұндай іс-шараларды өткізу прокуратура қызметкерлерінің зияткерлік әлеуетін дамытуға, командалық рухты нығайтуға, қолайлы моральдық-психологиялық климат құруға және спорттық дәстүрлерді сақтауға ықпал етеді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email:
7171498@prokuror.kz