Электрондық дәлелдемелер саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі семинар туралы

2024 жылғы 27-29 қараша аралығында Құқық қорғау органдары академиясы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің прокурорлық-тергеу қызметкерлерін оқыту жөніндегі базалық ұйымы ретінде, «Электрондық дәлелдемелерді өңдеуге қатысты қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында өңірлік семинар өткізді.

Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері үшін халықаралық-құқықтық ынтымақтастық желісімен (CASC) бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) қолдауымен Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан құқық қорғау органдарының 46 өкілі жиналды.

Спикерлер ретінде Болгария, Германия, Италия, Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония сарапшылары сөз сөйледі.

Семинардың басты мақсаты шетелдік юрисдикциялардағы электрондық дәлелдемелерді сұрау, жинау, сақтау және пайдаланудың заманауи тәсілдерін талқылау болды. Цифрлық деректермен жұмыс істеу кезінде адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелердің сақталуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Барлық қатысушылар үшін өзекті мәселе көбінесе қажетті дәлелдері бар шетелдік қызмет көрсетушілермен өзара іс-қимыл мәселесі болды. Бұл саладағы практикалық тәжірибені құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықтың мысалдары туралы айтқан «TikTok»  компаниясының өкілі ұсынды.

БҰҰ ЕҚБ сарапшылары қатысушыларға басқа елдерден электрондық дәлелдемелерді сұрау бойынша практикалық басшылықты, сондай-ақ цифрлық дәлелдемелермен жұмыс саласындағы киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі БҰҰ Конвенциясының жобасын таныстырды.

Семинар ТМД елдері мен халықаралық қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Оқыту және тәжірибе алмасу қатысушыларға цифрлық дәлелдемелермен байланысты күрделі мәселелерді шешудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге және кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Құқық қорғау органдары академиясы ТМД елдерінің прокурорлық-тергеу қызметкерлерін даярлауда, олардың біліктілігін арттыру және халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер бере отырып, шешуші рөл атқаруды жалғастыруда.

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email: 7171498@prokuror.kz