Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында Бас прокуратура ұйымдастырған мемлекеттік айыптаушылардың II Республикалық Форумы аяқталды. Іс-шара екі күндік форматта өтті: бірінші күні Бас прокуратураның ғимаратынды өтті, онда қатысушылар алқабилермен сотта мемлекеттік айыптауды қолдаудың негізгі мәселелерін талқылады, ал екінші күн Академиядағы практикалық тренингтер мен шеберлік сабақтарына арналды.
Форумда мемлекеттік айыптаушылардың кәсіби даярлығын арттыру және сот процестеріне қатысу дағдыларын дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірлерінен келген прокурорлар, сондай-ақ құқық және психология саласындағы жетекші мамандар бірікті.
Форумның негізгі мақсаты мемлекеттік айыптаушылардың кәсіби деңгейін арттыру, сот процестеріне қатысу дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде сенімділікті арттыру болды. Қатысушыларды әділ үкім шығару үшін сот және алқабилермен тиімді қарым-қатынас жасау әдістеріне үйрету, сондай-ақ заң бұзушылықтарды жою бойынша жедел шаралар қабылдау іс-шараның маңызды аспектісі болды.
Спикер ретінде педагогика және психология магистрі, кеңесші психолог Владимир Пошатылюк келді, ол сот процестері кезінде туындайтын стресстік және стандартты емес жағдайларда психологиялық әдістерді қолдану бойынша оқыту семинарын өткізді. Прокурорлар көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде эмоцияларды басқару және сенімді мінез-құлық әдістерін меңгерді.
Форум аясында профессор Динара Найманованың жетекшілігімен Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы дайындаған квест-технология форматында тренинг өтті. Қатысушылар практикалық мәселелерді белсенді түрде шешіп, сот процестерінің әртүрлі жағдайларын модельдеді және сотта мемлекеттің мүдделерін қорғау дағдыларын жетілдірді.
Іс-шара сертификаттарды тапсыру рәсімімен аяқталды. Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев прокурорлардың кәсіби өсуін арттыру мақсатында тұрақты негізде оқытудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
Форум мемлекеттік айыптау саласында тәжірибе алмасу және жаңа білім алудың маңызды алаңына айналды, бұл қатысушылардың оң пікірлерімен расталады.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі