«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы туралы

Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесуге қатысты негізгі тәсілдер анықталып, мынадай төрт тұжырымдамаға негізделген халықаралық тәжірибе енгізілді: серіктестік, алдын алу, қудалау және жәбірленушілерге көмек.

Біріншісі — мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың, Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың кешенді жұмысын және халықаралық ынтымақтастық негіздерін қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыру.

Заңның негізгі міндеттері мен қағидаттарын іске асыру мақсатында бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды.

Атап айтқанда  Қылмыстық кодекске қылмыстық құқық бұзушылықтардың жаңа санаты — адам саудасына байланысты қылмыстар енгізіледі және «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер», оның ішінде Интернет желісі арқылы нақты уақыт режимінде қашықтықтан көрсетілетін жаңа ұғым енгізіледі.

Сондай-ақ қылмыстық жауаптылық енгізіледі:

—  адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, сол сияқты осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;

— осы қызметке тарту мақсатында, сол сияқты жеңгетайлық мақсатында жезөкшелікті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және (немесе) жарнамалау;

— телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернетті пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау.

Аталған шаралар ҚР ӘҚБтК-нің 134, 308 және 309 және 450-баптары бойынша ұйымдастырушыларды жауаптылыққа тартуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа заңнамалық өзгерістер жезөкшелік қызметін, көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін өзге де сексуалдық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауаптылықты қамтиды. Бұл ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша татуласуға орай қылмыстық жауаптылықтан босатуға жол берілмейді.

Қылмыстық-процестік кодекс жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алу құқығымен толықтырылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына және прокуратурасына жаңа туған баланы тастап кету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың келіп түсу және жеткізілу фактілері туралы хабарламауы үшін медициналық ұйымдардың және бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдарының жауаптылығы енгізіледі.

Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде қолданысқа енгізіледі.

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі