Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында «Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, киберқылмыс пен қылмыстарға қарсы іс-қимылдың тиімді саясатын әзірлеуде Қазақстанды қолдау» ЕҚЫҰ жобасының ведомствоаралық үйлестіру тобының екі күндік II отырысы басталды.
Аталған отырыстың мақсаты киберқылмыс және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласындағы ағымдағы ахуалды талдау нәтижелерін зерделеу, сондай-ақ халықаралық тәжірибені талдау болып табылады. Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстанның цифрлық дамуының өзекті мәселелерін, киберқылмысқа байланысты криминогендік жағдайды, әрі осы салада мамандар даярлауға қатысты мәселелерді талқылайды.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.
Академия ректоры Марат Сексембаев өз сөзінде осы жобаның өзектілігін атап өтіп, оны қолдауға және оған қатысуға қызығушылық білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың тамыз айында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі «Киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімді саясатын әзірлеуде Қазақстан Республикасын қолдау (I кезең)» жобасын іске қосты. Жоба киберқылмыстарға, сондай-ақ кибер алаяқтық, киберкеңістіктегі әйелдер мен балаларды жыныстық қанау, гендерлік зорлық-зомбылық, ақшаны жылыстату, есірткінің заңсыз айналымы, олардың Интернет арқылы саудасы, сондай-ақ терроризмге әкелетін зорлық-зомбылық экстремизмін қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды заңсыз пайдалану жолымен жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған.
Академия уәкілетті органдардың қызметкерлерін киберқылмысқа қарсы күресте оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларға белсенді қатысуды жалғастыруда және осы бағыттағы халықаралық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі