Құқық қорғау қызметінің халықаралық ережелері мен стандарттары бойынша семинар

2024 жылғы 27-28 ақпанда Құқық қорғау органдары академиясы Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің миссиясымен бірлесіп, прокуратура және полиция органдарының қызметкерлерін құқық қорғау қызметінің халықаралық ережелері мен стандарттарына оқыту бойынша екі күндік семинар өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық қорғау қызметі аясында халықаралық құқық нормаларын қолдануды зерттеу.

Семинарға қатысушылар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға қатысты маңызды постулаттарды қарастырды. Құқықтарды шектеу моральдың әділ талаптарын белгілеу, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ғана қолданылуы мүмкін.

Оқытудың маңызды аспектілері топты басқару технологияларын игеру және дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде құқық қорғау органдарының шешім қабылдау алгоритмі болып табылады. Бұл ретте, құқық қорғау қызметінде күш пен атыс қаруын қолдану мәселелері, қамауға алу мен қамауда ұстауды жүргізудің негізгі қағидаттары, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар кезінде және пандемия жағдайында құқық қорғау органдары қызметінің қағидалары талқыланды.

Аталған іс-шараны өткізу құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға және олардың құқық қорғау қызметінің халықаралық ережелері мен стандарттарын сақтауына ықпал етті.

 

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі