29 қарашада Құқық қорғау органдары академиясы ЕҚЫҰ-мен бірлесіп ұйымдастырған «Әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық дөңгелек үстел өз жұмысын аяқтады.
Іс-шаралар жұмысына ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің, демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ), сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі Істер Министрлігінің, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, халықаралық полиция әйелдері қауымдастығының, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының, үкіметтік емес ұйымдардың және т.б. өкілдері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – әйелдердің әлеуетін нығайтудың заңнамалық және практикалық құралдарын әзірлеу, жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу, профилактикалық дипломатия және қалпына келтіру процестерінде әйелдерді белсенді қатысушы ретінде бекітуге көмектесу. Кездесуге қатысушылар мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарында әйелдердің өкілдігін кеңейтудің, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің және оның қауіпсіздік секторында алдын алудың маңызды аспектілерін қарастырды.
Әйелдердің сот төрелігін қамтамасыз етуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет саясатын қалыптастыруда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда, полиция әйелдерінің кәсіби бірлестіктерін құруда және қолдауда айрықша маңыздылығы атап өтілді.
Талқылау қорытындысы бойынша мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып, әйелдердің мемлекеттік басқарудағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізудегі рөлін күшейтуге, жанжалдарды реттеуге және бейбітшілік құруға қосқан үлесін күшейтуге бағытталған заңнамалық және практикалық шаралар ұсынылды.
Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызметі