2-6 қазан аралығында Сочи қаласында 19 елдің өкілдерін жинаған Қаржылық қауіпсіздік бойынша III халықаралық олимпиада өтті. Ұйымдастырушы – Федералды қаржылық бақылау қызметі (Росфинмониторинг).
Олимпиадаға Құқық қорғау органдары академиясының атынан екінші курс магистранттары қатысып, барлық іс-шараларда, оның ішінде панельдік пікірталастар мен шеберлік сабақтарда белсенділік танытты. Олардың талпынысы мен күш-жігері тиісті марапатқа ие болды:
Рахымбаев Қуат «Құқықтану» мамандығы бойынша олимпиаданың жүлдегері атанып, 2-дәрежелі диплом иегері атанды.
Асқаров Аслан «Заңсыз кірісті жылыстатуға қарсы контурдың болашағы: дерискингтен белсенді жұмысқа» атты панельдік пікірталаста, сондай-ақ фиджитал-футболдан «Төрт құрлық кубогы» турнирінде атап өтілді.
Югай Евгений «Экономикалық қауіпсіздік аумағы» интерактивті шеберханасының жүлдегері атанды.
Лайықты марапаттармен құттықтаймыз! Білім алушыларымыздың халықаралық аренада одан әрі жетістіктерге жетуіне үміттенеміз.
Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызметі