Астанадағы дөңгелек үстелде жабайы табиғат объектілерінің заңсыз саудасына қарсы іс-қимыл талқыланды

2023 жылғы 19-20 қыркүйекте Құқық қорғау органдары академиясы қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығымен, «Фауна және Флора», «TRAFFIC» халықаралық ұйымдарымен, «Экомактаб» МКҰ және Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Зоология институтымен бірлесіп «Жабайы табиғат объектілерінің заңсыз саудасына қарсы іс-қимыл» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға Академия проректоры –Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры Гүлнар Шушикова құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараға Еуропалық Одақтың, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан прокуратурасы мен ішкі істер органдарының, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел отырысында жабайы табиғат объектілерін заңсыз сату мәселелері, қазіргі заманғы қауіптер мен сын-қатерлер, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін қорғау жөніндегі заңнамасы, қазіргі проблемалар мен оларды шешу жолдары, Еуропалық Одақтың құқық қорғау органдарының табиғат қорғау қызметінің тәжірибесі талқыланды. Дөңгелек үстелде «Қазақстанда жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы Конвенцияны (СИТЕС) қолдану» курсының тұсаукесері болды.

Талқылау қорытындысы бойынша Орталық Азия аймақ елінде ұлттық заңнаманы жетілдіру үшін ұсынымдар әзірленді.


Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі