Академияға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов келді.
Ол жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулермен, білім беру бағдарламаларымен, кадрларды даярлау үдерісімен және оқу орнының инфрақұрылымымен танысты.
Бұл сапар Академия мен Экономикалық тергеу қызметі арасындағы қалыптасқан қатынастарды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Ведомство басшысы Жанат Элиманов пен жоғарғы оқу орнының ректоры Марат Сексембаев ынтымақтастық перспективаларын талқылап, Экономикалық тергеу саласы қызметкерлерін, сондай-ақ бастапқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарды даярлауда күш-жігерді шоғырландыру бойынша қосымша келісімге келді.
Өзара іс-қимыл шеңберінде тараптар білім беру бағдарламаларының мазмұнын түзетіп, экономикалық қылмыстар саласындағы жаңа сын-қатерлерге тиімді қарсы тұру мақсатында практикалық және әдістемелік материалдармен тұрақты алмасуды жолға қоятын болады.
Құқық қорғау органдары академиясының баспасөз қызметі