Ақпараттық қауіпсіздік және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласында меморандумға қол қою туралы

Құқық қорғау органдары академиясында «Кибер-офицер» жобасы басталды.

Оның басты мақсаты жоғары технологиялар саласындағы қылмыстарды тергеу бойынша мамандардың біліктілігін арттыру және даярлау үшін ЖОО базасында бірыңғай оқу-практикалық киберорталық құру болып табылады.

Осы жұмыс шеңберінде Академия «BlockchainKZ» блокчейн технологияларын әзірлеушілер мен пайдаланушылар қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, ақпараттық қауіпсіздік және интернет-қылмысқа қарсы іс-қимыл саласында тренингтер, конференциялар, ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша өзара іс-қимыл туралы уағдаласты.

Ынтымақтастықтың перспективалық бағыты құқық қорғау органдарының құқық қолдану қызметіне жаңа технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді енгізу мүмкіндігі болады.

 

Құқық қорғау органдары академиясының 
баспасөз қызметі