Серіктестермен кездесу

Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ақшаны жылыстатуға, терроризм мен киберқылмысты қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі БҰҰ ЕҚБ өкілдері Александр Водяноймен, Алексей Фещенкомен және Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі Сәуле Тулеусариновамен кездесу өткізді.

Марат Сексембаев өз сөзінде әріптестеріне көрсеткен қолдауы мен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін қылмысқа қарсы күрестің неғұрлым өзекті тақырыптары бойынша бірлескен ғылыми және оқыту іс-шараларын ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сондай-ақ кірістерді жылыстатудың алдын алу және терроризмді қаржыландыру жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асыру, кәсіби аккредиттеудің IT-жүйесін құру және аталған саладағы мамандарды дамыту, оның ішінде киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар білім беру іс-шараларын бірлесіп өткізу және қаржылық тергеу және киберқылмыс саласындағы сарапшылар пулын дайындау, сондай-ақ прокуратура органдарына, Қаржы мониторингі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктеріне бастапқы кәсіптік даярлыққа түсетін адамдарды іріктеу рәсімін жетілдіру үшін шетелдік сарапшыларды тарту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Тараптар әріптестік қатынастарды нығайтуға және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруда жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

 

Құқық қорғау органдары академиясының 
баспасөз қызметі