РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ МАҚАЛАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

Құқық қорғау органдары академиясының жоғары және жоғары арнаулы оқу орындарының докторанттары мен магистранттары арасында ұйымдастырған «Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына 30 жыл: құқықтық аспектілер» атты ғылыми мақалалар байқауы аяқталды.
Конкурс өзекті ғылыми мәселелерді шешу үшін жас ғалымдардың әлеуетін тартуға және пайдалануға, оларды шығармашылық және тиімді ғылыми жұмысқа ынталандыруға, сондай-ақ ғылыми жарияланымдар мен зерттеулердің сапалық деңгейін арттыруға бағытталған.
Конкурсқа Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ Қостанай академиясының, Б.Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясының және Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының тыңдаушылары ұсынған 19 ғылыми еңбек қатысты.
Жұмыстарды құрамына сыртқы сарапшылар мен Академия қызметкерлері енген комиссия бағалады.
Конкурс нәтижесі бойынша Құқық қорғау органдары академиясының магистранты Сабыржан Аленов жеңімпаз болып танылды; Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранты Нұрлан Жармаханбет 2-орынға ие болды; Еуразия ұлттық университетінің магистранты Диас Мұхамеджан 3-орынға ие болды.