Мәскеуде аяқталған Халықаралық «Ғылыми кітап» байқауының қорытындысы бойынша «Конституциялық құқық» номинациясында екінші орынды Құқық қорғау органдары академиясының авторлық ұжымының «Жеке өмірге қол сұқпаушылық» тақырыбындағы монографиясы жеңіп алды.
Бұл Ресей Федерациясы ІІМ Басқару академиясы ұйымдастырған үшінші байқау. Биылғы жылы байқауға 50 ғылыми және білім беру ұйымдарынан 147 жұмыс ұсынылды. Әрбір байқау жұмысы екі рет рецензиялаудан өтті.
Байқауға Ресейдің танымал білім беру мекемелерінің ғылыми еңбектері, сондай-ақ Қазақстан, Тәжікстан, Беларусь және Монғолия авторларының жұмыстары қатысты.
Академия кітабы Академия проректор-директоры Гүлнар Шушикованың, сондай-ақ ВҒЗИ орталығының бастығы Максим Шереметьевтің, ВҒЗИ бас ғылыми қызметкері Станислав Жижистің және тәуелсіз кеңесші-сарапшы Назгүл Ерғалиеваның жалпы редакциясымен басылып шықты.
Монография ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша дайындалған. Авторлар жеке өмірді қамтамасыз етудің практикалық және теориялық мәселелерін зерттеді. Халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнаманы талдау негізінде ғалымдар «Жеке өмірге қол сұғылмаушылық» ұғымын анықтауға ғылыми негізделген құқықтық көзқарасты қалыптастырды.
Ол конституциялық, азаматтық және қылмыстық құқық саласындағы мамандарға, адвокаттарға, прокурорларға, тергеушілерге, ғалымдар мен практиктерге арналған.