Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясы ректорының
026 жылғы «11» ақпандағы № 15 бұйрығына
1-қосымша
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Оқу-әдістемелік кеңесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Оқу-әдістемелік кеңесі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Оқу-әдістемелік кеңесі (бұдан әрі – ОӘК, Академия) қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
2. ОӘК өз қызметін Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына, білім беру және ғылым саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының, Академия ректорының нормативтік құқықтық актілеріне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
ОӘК Академияның білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жетілдіру, оқу процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді дамыту, заманауи білім беру технологияларын енгізу бойынша құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіру үшін құрылған алқалы орган болып табылады.
3. ОӘК қызметінің мақсаты Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және кәсіби даярлау жүйесінің басым міндеттеріне сәйкес тиімді, ашық және демократиялық басқаруды қамтамасыз ету болып табылады.
2. ОӘК-тің міндеттері мен функциялары
4. ОӘК-тің міндеттері:
1) Академиядағы білім беру процесінің ағымдағы және перспективалық бағыттарын айқындау;
2) оқу жоспарларын, оқу және білім беру бағдарламаларын дайындау және жетілдіру, Академиядағы білім беру процесін әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыру бойынша құрылымдық бөлімшелердің қызметін қарау, талқылау, шешім қабылдау және үйлестіру;
3) Академиядағы білім беру процесі мен әдістемелік қамтамасыз ету сапасына мониторинг жүргізуді ұйымдастыру;
4) Академиядағы білім беру процесіне инновацияларды енгізуге жәрдемдесу және қолданыстағы білім беру технологияларын, оқыту әдістері мен құралдарын жетілдіру;
5) білім беру процесінде үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін Академияның құрылымдық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
5. ОӘК-тің функциялары:
1) Академияның білім беру процесін жетілдіру;
2) Академияның оқу-әдістемелік қызметін жоспарлау және үйлестіру;
3) Академияның білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерін қарау;
4) жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламаларының, академиялық күнтізбенің, білім алушылардың кәсіби практика (тағылымдама) бағдарламаларының, жоспар-кестелердің, оқу және білім беру бағдарламаларының және Академияның оқу және оқу-әдістемелік қызметіне қатысты өзге де құжаттардың жобаларын қарау және талқылау;
5) құрылымдық бөлімшелер мен лауазымды тұлғалар дайындаған және рецензиялаған әдістемелік, оқу-әдістемелік, практикалық құралдар мен ұсынымдардың, көрнекі құралдардың, анықтамалық, ғылыми, ғылыми-көпшілік, ресми, нормативтік-өндірістік, өндірістік-практикалық басылымдардың, қылмыстық істер макеттерінің, практикалық нұсқаулықтардың және өзге де материалдардың жобаларын (бұдан әрі – Жобалар) қарау және талқылау;
6) Академия магистранттары мен докторанттарының ғылыми жетекшілерін (кеңесшілерін) және зерттеу тақырыптарын қарау;
7) Академия магистратурасы мен докторантурасына түсу емтихандарының бағдарламаларын қарау;
8) Академияның алғашқы кәсіптік даярлығы бойынша кіріспе және бітіру емтихандарының мәселелерін қарау;
9) Академия магистратурасында білім алушылардың қорытынды аттестациясының кешенді емтиханының бағдарламаларын қарау;
10) магистранттар мен докторанттардың білімін бақылау нысандарын қарау;
11) Академия білім алушыларының кәсіби практикадан (тағылымдамадан) өту қорытындыларын және олардың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарау;
12) магистранттар мен докторанттардың емтихан сессиясының нәтижелері, алғашқы кәсіптік даярлық тыңдаушыларының бітіру емтиханының нәтижелері және Академияның білім беру процесін жақсарту жөніндегі ұсыныстарды қарау;
13) Академия МАК төрағаларының магистранттардың қорытынды аттестациясының нәтижелері туралы есептерін қарау;
14) оқыту әдістері мен құралдарын, оқу-әдістемелік жұмысты жетілдіру және отандық және шетелдік білім беру ұйымдарының озық тәжірибесін енгізу жөніндегі ұсыныстарды қарау;
15) Академияның білім беру процесін басқаруды автоматтандыру жүйелерін дамыту жөніндегі құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстарын талқылау;
16) Академияның педагогикалық және ғылыми кадрларының біліктілігін арттыру, қайта даярлау және аттестаттау мәселелерін қарау;
17) білім беру процесі мен оқу-әдістемелік қызметке қатысты өзге де мәселелерді қарау.
3. ОӘК-ті қалыптастыру тәртібі және құрамы
6. ОӘК мүшелері Академия ректорының бұйрығымен құрылған комиссиямен сайланады. Төраға мен оның орынбасары ОӘК мүшелерінің көпшілік дауысымен сайланады. Төраға болмаған жағдайда оның міндеттерін орынбасары атқарады.
ОӘК құрамы кемінде жеті адамнан құралады және тұрақты мүшелер мен уақытша өкілеттігі берілген мүшелерді қамтиды.
Уақытша өкілеттігі берілген ОӘК мүшелері шешім қабылдау кезінде дауыс беру құқығына ие және қаралатын мәселелердің сипатына қарай отырыстарға қатысады.
ОӘК хатшысы ОӘК мүшелері арасынан сайланады, дауыс беру құқығына ие емес және ОӘК қызметін ұйымдастырушылық сүйемелдеуді, оның ішінде отырыс материалдарын қалыптастыру мен ресімдеуді жүзеге асырады.
ОӘК отырыстарына Академияның қызметкерлері, жұмыскерлері, тыңдаушылары, магистранттары мен докторанттары, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғалар шақырылуы мүмкін.
ОӘК құрамы Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі.
7. ОӘК қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді Академияның білім беру және ғылым сапасын мониторингтеу және бағалау жөніндегі бөлімшесі (бұдан әрі – Бөлімше) жүзеге асырады.
8. ОӘК төрағасы:
1) ОӘК отырысының күн тәртібін бекітеді;
2) ОӘК отырыстарын шақырады және жүргізеді;
3) қаралатын мәселелерді талқылауға қатысады;
4) кезекті және кезектен тыс отырыстардың өткізілу күнін айқындайды;
5) жедел қарауды талап ететін мәселелерді күн тәртібіне енгізеді, сондай-ақ жоспарланған мәселелерді күн тәртібінен алып тастайды;
6) ОӘК құзыретіне жатқызылған құжаттарға қол қояды;
7) ОӘК қызметін ұйымдастыруға қатысты өзге де мәселелерді шешеді.
9. ОӘК мүшесі:
1) ОӘК отырыстарына қатысады;
2) отырысқа дейін ұсынылған материалдарды зерделейді және қажет болған жағдайда ұсыныстар енгізеді;
3) қаралатын мәселелерді талқылауға қатысады;
4) осы Ережеде белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге жәрдемдеседі;
5) өзіне жүктелген тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындайды;
6) ОӘК отырысына ұсынылатын материалдарды объективті, жан-жақты және сапалы зерделеу үшін дербес жауапкершілік алады.
ОӘК мүшесі уақытша болмаған кезеңде оның міндеттері функционалдық (лауазымдық) міндеттерге сәйкес алмастыратын тұлғаға жүктеледі.
10. ОӘК хатшысы:
1) ОӘК отырыстарын дайындау мен өткізуді ұйымдастырады;
2) отырыстарға материалдар дайындауды қамтамасыз етеді;
3) ОӘК отырыстарының хаттамаларын жүргізеді, хаттамалардан үзінділер мен қабылданған шешімдерді ОӘК мүшелеріне кейіннен жолдау үшін дайындайды;
4) іс жүргізу қағидаларына сәйкес ОӘК құжаттамасын жүргізеді.
4. ОӘК қызметін ұйымдастыру
11. ОӘК жұмысы Академия ректоры бекітетін оқу жылына арналған жылдық жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
ОӘК жұмыс жоспары Академияның ресми сайтында орналастырылады.
12. ОӘК отырыстары екі айда кемінде бір рет, әдетте ОӘК жұмыс жоспарында белгіленген айдың екінші аптасында өткізіледі.
Жоспардан тыс отырыстар ОӘК төрағасының шешімі бойынша өткізіледі, отырыстың күні мен күн тәртібі туралы ОӘК хатшысы мүшелерді алдын ала хабардар етеді.
13. Жауапты орындаушылар жоспарлы ОӘК отырысына дейін кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын материалдарды (оның ішінде кемінде 2 (екі) рецензия, плагиат анықтау жөніндегі есеп, институт немесе дербес бөлімше отырысының хаттамасынан үзінді, шешім жобасы) электрондық түрде «Қадағалау» АЖ арқылы төрағаға, мүшелерге және ОӘК хатшысына, сондай-ақ қағаз тасымалдағышта жолдайды.
ОӘК мүшелері отырысқа дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын ескертулер және (немесе) ұсыныстар болған жағдайда оларды жауапты орындаушылар мен ОӘК хатшысына жібереді.
Жауапты орындаушылар отырысқа дейін 2 (екі) жұмыс күні бұрын төраға, мүшелер және ОӘК хатшысы қол қойған келісу парағымен пысықталған материалдарды ұсынады.
14. Материалдардың уақтылы немесе толық ұсынылмауы, сондай-ақ пысықтауды талап ететін ескертулер болған жағдайда ОӘК төрағасы хатшының негізделген баянаты бойынша мәселені күн тәртібінен алып тастауға және жауапты орындаушыны хабардар етуге құқылы.
ОӘК хатшысы отырыс басталғанға дейін бұл туралы ОӘК төрағасын хабардар етеді.
15. ОӘК отырысы оның мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болып саналады.
Дәлелді себептермен отырысқа қатыса алмаған жағдайда ОӘК мүшесі төраға мен хатшыны кемінде 2 (екі) жұмыс күні бұрын хабардар етуге міндетті.
Ерекше жағдайларда, қысқа мерзімде шешім қабылдау қажеттілігі туындаған кезде және кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, ОӘК төрағасымен келісім бойынша отырыс онлайн/қашықтан өткізілуі мүмкін.
16. «Қызметтік пайдалану үшін» белгісі бар материалдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып қаралады.
«Құпия» белгісі бар материалдар белгіленген құпиялылық режимін қатаң сақтай отырып арнайы жабдықталған үй-жайларда ғана қаралады.
17. ОӘК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған қатысқан ОӘК мүшелерінің жартысынан көбі дауыс берген жағдайда қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
ОӘК шешімдері ұсынымдық сипатта болады және отырысқа қатысқан мүшелер қол қойған қатысу парағы қоса беріліп, төраға мен ОӘК хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
Отырыс хаттамасы ОӘК хатшысымен отырыстан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жасалады және бір аптадан кешіктірмей ОӘК мүшелері мен құрылымдық бөлімшелерге «Қадағалау» АЖ арқылы жолданады және Академияның ресми сайтында орналастырылады.
18. ОӘК-те қаралған материалдарды есепке алу және сақтау Академияның Бөлімшесімен жүзеге асырылады.