Даму стратегиясы

Қазақстан Республикасы

Бас прокуратурасының жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясы ректорының

2024 жылғы «20» наурыздағы

№33 бұйрығына

1-қосымша

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ

2024-2028 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН

ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ

 

 

 

Қазақстан Республикасы

Бас прокуратурасының жанындағы

Құқық қорғау органдары

академиясының Ғылыми Кеңесінің

шешімімен қабылданды және бекітілді

19.03.2024 жылғы № 9 хаттама

 

Қосшы, 2024

 

МАЗМҰНЫ

Стратегия паспорты 3
Кіріспе 5
Ағымдағы жағдайды талдау 5
Академия қызметіне SWOT-талдау 15
Миссия, пайым және стратегиялық бағыттар 17
Стратегиялық мақсаттар мен міндеттер 18
Қорытынды ережелер 21

 

СТРАТЕГИЯ ПАСПОРТЫ

Атауы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 2024-2028 жылдарға арналған даму стратегиясы
Дайындау үшін негіз 1.  «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Коституциялық заңы

2.  «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңы

3.  «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңы

4.  «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының заңы

5.  Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына жолдауы

6.   Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 248 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы

Әзірлеуші Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы
Стратегияның мақсаттары

 

1.  Заманауи сын-қатерлерге жауап беретін оқытудың жаңа моделін құру

2.  Құқық қорғау қызметі саласындағы ғылыми көшбасшылық

3.   Академияның кадрлық және материалдық-техникалық әлеуетін одан әрі дамыту

Стратегияның міндеттері

 

1.   Flipped classroom (төңкерілген сынып) форматында сабақ жүргізуге және нәтижелерге қол жеткізуге қабілетті ПОҚ-ты дайындау

2.   Алғашқы кәсіптік даярлық институтының статусы мен рөлін арттыру

3.   Академияның Жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Өңірлік Хаб ретіндегі әлеуетін дамыту

4.   Жоғары оқу орнынан кейінгі білім: жаңа тәсілдер мен инновациялар

5.   Біліктілікті арттыруда коучингтік тәсілді енгізу

6.   Үздіксіз оқытуды жаңғырту (LLL Center-lifelong learning)

7.   Тәрбие және идеологиялық жұмыс арқылы жаңа формациядағы мамандарды қалыптастыру

8.   Академияның іргелі зерттеулерін дамыту

9.   Академияны ғылыми қызметтің субъектісі ретінде брендтеу

10.    «Құқық қорғау органдары академиясының Жаршысы» ғылыми журналының әлеуетін дамыту

11.    Академияның кадрлық құрамының кәсібилігін арттыру

12.    Өзінің ұлттық, оның ішінде халықаралық санаттағы жаттықтырушыларын (сарапшыларын) даярлау

13.    Академия қызметінде заманауи IT-технологияларды пайдалануды, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдана отырып кеңейту

14.    Ғылыми-білім беру процесін ресурстық қамтамасыз ету

Қаржыландыру көздері 2024-2028 жылдары Стратегияны іске асыруға Академияның өз қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражат бағытталатын болады.

 

КІРІСПЕ 

Бұл құжатта Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 2024-2028 жылдарға арналған даму стратегиясы (бұдан әрі – Стратегия, Академия, Бас прокуратура) ұсынылған, ол Академияның ағымдағы жай-күйін, миссиясын, пайымын, стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ даму индикаторлары мен оны іске асыру тетіктерін талдауды қамтиды.

Қазіргі уақытта Академияның қалыптасу кезеңі үшін құрылған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 2019-2023 жылдарға арналған даму стратегиясы өзінің базалық параметрлері бойынша орындалды.

Жаңа ұзақ мерзімді кезеңге арналған Стратегияны құрудың негізгі себебі Академияның қалыптасуы мен даму тәжірибесін, елде және құқық қорғау жүйесінде болып жатқан өзгерістерге байланысты сөзсіз өзгерістер алдында кәсіби сабақтастықты сақтау және арттыру қажеттілігі болып табылады.

Бұл стратегиялық құжат Академияның тиімді білім беру процесін құру, құқық қорғау қызметі саласында ғылыми көшбасшылыққа қол жеткізу, кадрлық әлеуетті дамыту және әріптестік байланыстарды нығайту жөніндегі қызметін айқындайды. Онда Академияның келесі бес жылдағы миссиясына жетудің негізгі бағыттары мен шаралары көрсетілген.

Стратегия Академияның бағдарламалық құжаттары мен құқықтық актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады.

 

АҒЫМДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ 

Қазіргі уақытта қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету барған сайын күрделі және алуан түрлі болып келеді. Сондықтан құқық қорғау органдарының кәсіби дағдыларын жетілдіру мәселесі бірінші орынға шығуда.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 15 қарашадағы құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесу барысында «…құқық қорғау органдары мен сот инстанцияларының қызметкерлеріне қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін үлкен жауапкершілік жүктелген» атап өтті.

Қызметкерлерді сапалы даярлау және үздіксіз біліктілікті арттыру – бұл олардың өз міндеттері мен тапсырмаларды тиімді орындауының негізгі құралдары, сондай-ақ қазіргі әлемнің жаңа сын-қатерлеріне қарсы тұруға дайын болудың кепілі.

Бүгінгі таңда Академия Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының лайықты кадрлық құрамын қалыптастыруға және құқық қорғау саласындағы ғылыми қамтамасыз етуге үлес қосуда.

Академия Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы № 15 Жарлығымен құрылған және ерекше мәртебесі бар арнайы жоғары оқу орны болып табылады, бұл оған білім беру бағдарламаларының мазмұнын және ғылыми-білім беру қызметін ұйымдастыруды дербес айқындауға құқық береді.

Академия құрамында оның негізгі міндеттерін табысты орындайтын бейіндік институттар жұмыс істейді:

құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде Президенттік резервте тұрған құқық қорғау органдары басшыларының кәсіби деңгейін арттыру;

құқық қорғау органдарына алғаш рет қызметке кіретін адамдарды алғашқы кәсіптік даярлау;

құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру және жүргізу;

жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру.

Академияда білім беру қызметінің сапасын бақылау мен бағалаудың ішкі жүйесі құрылды және жұмыс істейді.

Жетекші халықаралық жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестік қатынастар орнату, кадр құрамын сапалы іріктеу және қалыптастыру, редакциялық-баспа жұмысы, сондай-ақ материалдық-техникалық жарақтандыру бейінді бөлімшелермен қамтамасыз етіледі.

Академия ұжымы ғылыми атақтары мен дәрежелері, сондай-ақ жүктелген міндеттерді сапалы іске асыру үшін кәсіби әлеуеті және құқық қорғау органдарының аумақтық және орталық аппараттарында үлкен жұмыс тәжірибесі бар тәжірибелі педагогикалық және ғылыми қызметкерлер қатарынан құрылған.

Облыстық құқық қорғау органдарының аппараттарында қызметкерлердің 70%, ал орталық аппараттарда (прокуратураның үлес салмағы) — 20% жұмыс тәжірибесіне ие, бұл олардың аналитикалық ойлау, болжау, дербестік, ұйымдастырушылық, үйлестірушілік және т. б. сияқты құзыреттерінің болуын қамтамасыз етеді.

Академияның педагогикалық және ғылыми қызметкерлері ғылыми-білім беру процесінің тәжірибеге бағдарлануын қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының қызметі және олардың өзекті мәселелерін тұрақты негізде зерделейді.

Академияда 4 ғылым докторы, 24 ғылым кандидаты, 8 PhD докторы және 60 магистр жұмыс істейді.

Оқытудың деңгейі мен сапасын арттыру мақсатында заң шығарушы Академияның бастамасын қолдады және 2023 жылдан бастап профессорлық-оқытушылар құрамына еңбек шарты негізінде ғылыми дәрежелері, құқық қорғау саласында үлкен тәжірибесі бар, жоғары кәсіби қабілеттерге ие қызметкерлер тартылуы мүмкін («Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 5-1-тармағы).

Академия құрылған сәттен бастап бейіндік нормативтік құқықтық база әзірленіп, үнемі жетілдіріліп отырады, Академияны басқарудың алқалы және консультативтік-кеңесші органдары: Ғылыми, Оқу-әдістемелік, Ғылыми-әдістемелік, Диссертациялық кеңестер, Магистранттар мен докторанттар кеңесі, Жас ғалымдар кеңесі құрылып, табысты жұмыс істеуде.

Академия еліміздің құқық қорғау органдарының ведомстволық білім беру жүйесіндегі орталық буын ретінде заманауи білім беру және ғылыми ресурстармен жабдықталған.

Мұнда құқықтық ғылымдарды терең зерттеуге, сондай-ақ практикалық дағдыларды алуға барлық жағдайлар жасалған. Халықаралық ынтымақтастыққа және әлемдік жетекші білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлінеді.

Академияның халықаралық деңгейде танылған және қазірдің өзінде білім беру қызметі мәселелері бойынша тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған 40-тан астам серіктесі бар.

Академияның оқу процесі білім алушылар мен тыңдаушыларды санаттар бойынша бөлу принципіне негізделген және үш бағыты бар: құқық қорғау органдарына қызметке кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлық, жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін және жоғары басшылық буын үшін Президенттік резервте тұрған адамдар үшін біліктілікті арттыру курстары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім (магистратура және докторантура).

2020 жылдан бастап алғашқы кәсіптік даярлық институты немесе прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке (бұдан әрі – СЖҚІА) және экономикалық тергеу қызметіне (бұдан әрі – ЭТҚ) кадрларды іріктеудің жаңа моделі жұмыс істейді.

Оқыту 30% теория және 70% практика қағидаты бойынша құрылған. Оқу мазмұны қадағалау қызметінің материалдары, қылмыстық істер және процестік құжаттар негізінде қалыптастырылады. Кейс-тапсырмалар және симуляциялық тренингтер түрінде бірқатар интерактивті сабақтар қолданылады.

Оқиға орнын тексеру, тінту, алу, қылмыс іздерін тіркеу, заттай дәлелдемелерді алу бойынша тергеу-жедел жұмыс дағдыларын қалыптастыру үшін шындыққа барынша жақын полигондары бар оқу-практикалық орталық жұмыс істейді.

Тыңдаушылар алған білімдері мен дағдыларын құқық қорғау органдарында тағылымдамада бекітеді, оның нәтижелері бойынша Академияда есептер тапсырады.

Кейіннен емтиханды сәтті тапсырған адамдар міндетті түрде құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасады және арнайы атақ алады. Дайындықты 956 тыңдаушы аяқтап, жұмыс істеп жүр (прокуратура-663, СЖҚІА-96, ЭТҚ – 197), 389 білім алуда (299, 50, 40).

Келесі бағыт – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде орта буын басшылары лауазымдарына кандидаттардың, сондай-ақ Президенттік резервте тұрғандардың (аумақтық құқық қорғау және арнаулы органдар басшылары, орталық органның бірінші басшысының орынбасарлары лауазымдарына үміткерлер және т.б.) біліктілігін арттыру.

Курстардың тақырыбы құқық қорғау органдарының ұсыныстары мен олардың қызметін талдау негізінде қалыптасады. Білім алушыларды лауазым санаттары, еңбек өтілі және жұмыс бағыты бойынша саралау қолданылады.

Акцент құқық қолдану практикасының проблемалық мәселелерін зерделеуге және оларды шешу жолдарын әзірлеуге бағытталған (фасилитация әдісі қолданылады). Дәріскер ретінде курстарға тәжірибелі судьялар, тергеушілер, прокуратураның және басқа да құқық қорғау органдарының орталық аппараттарының қызметкерлері, сондай-ақ құқықтанушы ғалымдар тартылады.

Күндізгі оқытумен қатар курстар ведомстволық ақпараттық порталда Академияның қашықтан оқыту жүйесі арқылы, сондай-ақ бейнеконференция бағдарламалары арқылы онлайн-форматта өтеді.

Курстар сонымен қатар ақпараттық жүйелерді пайдалануға, дағдарыстық жағдайларды басқаруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа, менеджмент дағдыларына, шешендік өнерге үйретуді қарастырады.

2015 жылдан бастап Академия базасында құқық қорғау органдарының 12 мыңнан астам қызметкері, оның ішінде 4 мыңы қашықтан оқыды және біліктілігін арттырды.

Президенттік резервтегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру Академияның айрықша құзыреті болып табылады.

Президенттік резервтің міндеті – ерекше ойлауға және болжауға, жедел шешім қабылдауға және өзгермелі жұмыс жағдайларына тез бейімделуге қабілетті жаңа формацияның тиімді басшыларын даярлау.

Сондықтан Академияда оқыту икемді дағдыларды, оның ішінде стратегиялық және жүйелік ойлауды, жағдайды жедел және сапалы талдауды, қалыпты және стандартты емес жағдайларда қызметті тиімді жоспарлауды және ұжымды басқаруды (HR-менеджмент), сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу сияқты коммуникативтік қасиеттерді дамытуға және жетілдіруге бағытталған.

Ол үшін оқытудың заманауи интерактивті формалары мен әдістері қолданылады. Сабақтардың 90%-ы үздік отандық және шетелдік сарапшылардан, оның ішінде құқық қорғау жүйесінде үлкен тәжірибесі бар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан тренингтер, мастер-класстар түрінде өтеді.

2016 жылдан бастап Академияда Президенттік резерв курстарынан құқық қорғау және арнайы органдардың 122 қызметкері өтті, олардың 29-ы жоғары лауазымдарға тағайындалды.

Академия қызметінің тағы бір маңызды бағыты – трансұлттық қатерлерден өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандарды даярлау шеңберінде іске асырылатын халықаралық оқыту.

2016 жылдан бастап БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен Академия Орталық Азия өңірі бойынша жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Өңірлік Хаб болып табылады. Хабтың негізгі бағыттары киберқылмыстарға, адам саудасына, қаржылық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа, есірткі мен қару саудасына, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері болып табылады.

Бұл құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлеріне, сот сарапшылары мен адвокаттарға арналған халықаралық ғылыми-білім беру алаңы.

Хабты белсенді қолдауды жетекші шет елдер мен халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО) жүзеге асырады.

Хаб жұмысында симуляциялық оқыту әдістемесін бөлек атап өткен жөн. Бүгінгі таңда академия активінде адам саудасына қарсы күрес және есірткі қылмысынан түскен кірісті жылыстату бойынша тренингтердің 7 ерекше сценарийі бар, онда жаттығулар нақты жағдайларды жаңғырту үшін нағыз актерлерді пайдаланады.

Тренингке тергеу-жедел іс-қимылдардың барлық кезеңдері: ұстау, оқиға орнын тексеру, күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу, тінту және алу, дәлелдемелерді табу және бекіту, ұсталғаннан жауап алу және т. б. енгізілген.

Оқыту форматы әртүрлі қызмет салаларындағы тәжірибелі мамандарды біріктіретін пәнаралық тәсілге негізделген.

Жалпы, 2016 жылдан бастап ТМД елдері мен Орталық Азия өңірінің 6582 құқық қорғаушыларының қатысуымен 205 оқыту іс-шарасы өткізілді. Оқытуға 400-ден астам отандық және шетелдік жаттықтырушылар тартылды (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Германия, Украина, Беларусь, Грузия, Қытай, Болгария, Қырғызстан, Өзбекстан).

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыру мақсатында Академияда киберқылмыстарды тергеу жөніндегі оқу орталығы өз жұмысын бастады.

Ол бастапқы кезеңде сабақтарды өткізу үшін жеткілікті қажетті жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған. Курстардың негізгі тақырыбы цифрлық дәлелдер мен криптовалюталарға қатысты.

2018 жылдан бастап Академия ТМД-ның қаржылық тергеу қызметкерлерінің, ал 2020 жылдан бастап прокурорлық-тергеу қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі базалық ұйымы болып табылады.

Осы мәртебелер шеңберінде 337 құқық қорғау органдары мен судьялардың, оның ішінде 168 шетелдік (Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения) қатысуымен 10 халықаралық оқыту іс-шаралары өткізілді.

Академия қазақстандық заң ғылымының дамуына елеулі үлес қосуда.

Оған құқық қорғау саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру және жүргізу бойынша бірегей функция жүктелген.

2016 жылдан бастап құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, жетекші заңгер-ғалымдар кіретін Ғылыми-әдістемелік кеңес жұмыс істейді.

Ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшелері құқық қорғау органдарының ведомствоаралық ғылыми ізденістер жүргізу туралы өтінімдерін қарайды және ең өзекті тақырыптарды таңдайды.

Соңғы 8 жылда кеңес құқық қорғау қызметінің түрлі бағыттары бойынша 50 өзекті тақырыпты бекітті.

Олар бойынша негізгі орындаушы Академияның ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – ВҒЗИ) болып табылады.

Жалпы, ВҒЗИ 145 зерттеу жүргізді, оның ішінде жекелеген тапсырыс берушілер Қазақстан Республикасының Парламенті, Президент Әкімшілігі және Қауіпсіздік Кеңесі болды.

Әрбір зерттеу құқық қорғау жүйесінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектер шығарумен аяқталады. ВҒЗИ қызметкерлері 80 монография, ғылыми-практикалық құралдар мен әдістемелік ұсынымдар шығарды.

Академия ғалымдарының ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде жоғары бағаланады, атап айтқанда, 8 монография 150-ден астам жоғары оқу орындары қатысқан халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болды.

2023 жылдан бастап мемлекетаралық зерттеулер жүргізу тәжірибесі басталды.

Мысалы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің тапсырысы бойынша ТМД прокуратурасы органдарының қызметінде жасанды интеллектті қолдану мәселелері бойынша ғылыми зерттеу жүргізілуде. Зерттеушілер ұжымына 11 мемлекеттің ғалымдары мен практиктері кірді.

Зерттеу нәтижелерін ілгерілету және Академияның жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде танылуын арттыру мақсатында еңбектер арнайы құрылған репозиторийде еркін қолжетімділікте орналастырылады.

Цифрландыру және ведомствоаралық ғылыми зерттеулер саласындағы үйлестіру функциясын іске асыру шеңберінде ВҒЗИ-дың тапсырысы бойынша «Зерттеуші» арнайы ақпараттық жүйесі құрылды.

Бұл Қазақстанның арнайы жоғары оқу орындары ғалымдарының ғылыми жұмыстары туралы барлық ақпарат жинақталатын және жүйеленетін бірегей цифрлық өнім.

Бұл тәсіл күштер мен құралдардың қайталануын және эргономикалық таралуын болдырмау арқылы ғылыми-зерттеу қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Әрбір зерттеу бойынша еңбектермен қатар жарияланымдар, оның ішінде ғылыми жарияланымдар жүзеге асырылады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін ілгерілету үшін ВҒЗИ қызметкерлері 427 жарияланым, оның ішінде 347 ғылыми мақала дайындады. Оның ішінде Халықаралық жоғары рейтингтік Scopus журналдарда – 25, ҒЖББСБК – 117, РҒДИ ұсынған журналдарда және халықаралық конференциялар жинақтарында – 205.

ВҒЗИ ғылыми зерттеулерінің нәтижелері әр түрлі, оның ішінде халықаралық ғылыми іс-шараларда тұрақты негізде сынақтан өткізіледі, білім беру, практикалық және нормашығармашылық қызметке енгізіледі (35-тен астам енгізу актілері, авторлық куәліктер).

Мысалы, «Кәсіпкерлердің құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғауды күшейту мәселелері» (2019 ж.) ведомствоаралық ғылыми зерттеуінің қорытындысы бойынша ВҒЗИ бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасау» 365-бабына түзетулер енгізілді.

Сондай-ақ еліміздің заң шығарушылары ВҒЗИ-дың авторлық ұжымының ұсыныстарын қолдап, полиграфологиялық зерттеуден өту бөлігінде «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізді.

Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды басқарушылық қателіктерден ажырату туралы тапсырмасы орындалды. ВҒЗИ әзірлеген әдістемелік ұсынымдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысында кеңінен қолданылуда.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында: рейдерлікке қарсы іс-қимыл, азаптаулардың алдын алу, жаппай тәртіпсіздіктерді тергеу, активтерді қайтару және басқа да мәселелер бойынша ұсынымдар жіберілді.

Академия базасында 2017 жылдан бастап «Сейіт оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық пікірталас алаңы жұмыс істейді, онда тұрақты негізде халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі.

Қазақстан мен шет елдердің жетекші ғалымдары мен практиктерінің қатысуымен 50-ден астам іс-шара өткізілді. Нәтижесінде ISSN берілген ғылыми-практикалық материалдар жинақтары шығарылады (барлығы 20 жинақ шығарылды).

ВҒЗИ ғалымдары орталық мемлекеттік органдардың әртүрлі жұмыс топтарының құрамында құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының сауалдарын қоса алғанда, құқық қолданудың өзекті мәселелері бойынша ғылыми-құқықтық ұстанымдар дайындайды.

Академия ғалымдарының ғылыми-практикалық ортада сұранысын олардың Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық ғылыми кеңесіне (бұдан әрі – ҒжЖБМ), тәуелсіз сараптама комиссиясына, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының диссертациялық кеңестеріне, түрлі алаңдарда сарапшылар мен ұлттық жаттықтырушылар ретінде қатысуы куәландырады.

Гранттық қаржыландыруға қатысу Академия бюджетін толықтыру шеңберінде перспективалы бағыт болып табылады. Осы функцияны іске асыру мақсатында 2022 жылы Академия ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің субъектісі ретінде ҒжЖБМ аккредитациясын алды.

Академияның келесі маңызды бағыты жоғары оқу орнынан кейінгі білім болып табылады.

Академия Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 7М042 – «Құқық», 8D042 – «Құқық» және 7M123 – «Қоғамдық қауіпсіздік», 8D123 – «Қоғамдық қауіпсіздік» бағыттары бойынша берген мемлекеттік лицензия негізінде магистратура мен докторантурада кадрлар даярлауды жүзеге асырады.

2019 жылы Академия 5 жыл мерзімге берілетін білім беру сапасы бөлігінде тәуелсіз институционалдық аккредиттеуден өтті.

Бұдан басқа ҒжЖБМ-нің мемлекеттік аттестаттау комиссиясы 2023 жылы Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кадрларын даярлау бағдарламаларын Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес деп таныды және ол 5 жылға аттестаттады.

Қазіргі уақытта Академияда прокуратура органдарынан, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктерінен, СЖҚІА және ЭТҚ-дан 105 магистрант және 35 докторант оқиды.

Оқу кезеңінде білім алушылар соңғы лауазымдық жалақысының 70% мөлшерінде стипендиямен қамтамасыз етіледі, ал оқу аяқталғаннан кейін бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындалады.

Жалпы, 2015 жылдан бастап Академияда құқық қорғау органдарының 393 қызметкері оқуды аяқтады, оның ішінде 341 магистратура, 52 докторантура («Құқықтану» және «Құқық қорғау қызметі») бағдарламалары бойынша.

Академияның магистранттары мен докторанттары ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысады, халықаралық іс-шараларда жүлделі орындарға ие болуда.

Мысалы, Академия докторанты М.Б.Садықовтың «Болашақ туралы ойлау: құқық саласындағы жетістіктер» мақаласы Universiti Utara Malaysia (Малайзия) өткізген 12-ші Халықаралық құқықтық конференцияның үздік үш мақаласының қатарына кірді.

2023 жылдың мамыр айында Академияның 3 магистранты Ресей Федерациясының Сочи қаласында өткен Қаржылық қауіпсіздік бойынша халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері атанды.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің профессорлық-оқытушылық құрамы 5 жыл ішінде 270-тен астам ғылыми мақала жариялады, оның ішінде 45-і ҒЖББСБК ұсынған журналдарда, 40-қа жуығы халықаралық журналдарда. 60-тан астам ғылыми жұмыстар (оқулықтар, монография, оқу құралдары, түсініктемелер, конференциялар жинақтары) жарық көрді, авторлық құқыққа 30 куәлік және 8 патент алынды.

Магистрлік және докторлық диссертациялардың тақырыптары құқық қорғау органдарының өзекті сұраулары мен ұсыныстарын ескере отырып құрылады.

Ерекше мәртебені ескере отырып, Академияның Диссертациялық кеңесіне философия докторы PhD немесе құқықтану докторы дәрежесін өз бетінше беру және диплом беру құқығы берілген. 2015 жылдан бастап 9 докторлық диссертация қорғалды.

Халықаралық ынтымақтастық саласында Академия отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен және ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатты. Оның нәтижесі ретінде ынтымақтастық туралы жасалған 33 меморандум және шетелдік сарапшыларды тарта отырып ұйымдастырлыған 300-ден астам ғылыми-білім беру іс-шаралары жасалған.

Бірлескен жоспарлар, өзара тағылымдамалар және таныстыру сапарлары іске асырылуда, оқу процесін ұйымдастыру, ғылыми және педагогикалық кадрларды оқыту және біліктілігін арттыру әдістемелерін қолдану тәжірибесімен алмасу жолға қойылған.

Академия қызметкерлері Австрия, Бельгия, Венгрия, Германия, Индонезия, Испания, Италия, Қытай, Литва, Молдова, Норвегия, Словакия, АҚШ, Таиланд, Түркия, Франция және ТМД елдерінде өткізілген іс-шараларға қатысты.

Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ оларға қатысу БҰҰ ЕҚЫҰ, ЕҚЫҰ, ЕО, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО), Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА), Ф.Эбберт, к.Аденауэр атындағы қор, Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры (IRZ), Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры (GIZ), Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамдар (CA TAEC), Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі бағдарламалар (CA TAEC), халықаралық қаржы мониторингі оқу-әдістемелік орталығы (МУМЦФМ) қатарынан серіктестері мен сарапшыларының қолдауымен өтеді.

2021 жылы Академия Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл желісінің төрағасы мәртебесін алды.

Академияның брендтерінің бірі «Құқық қорғау органдары академиясының жаршысы» ғылыми журналы (бұдан әрі – Жаршы) болып табылады, ол 2019 жылғы сәуірде ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған ғылыми басылымдардың тізбесіне енгізілген, бұл оның жоғары ғылыми мазмұнын растады.

Сондай-ақ 2020 жылы Вестник ресейлік ғылыми дәйексөз индексінің (РҒДИ) ақпараттық жүйелеріне, Қазақстандық дәйексөз базасына (ҚазДБ) енгізілді.

2016-2023 жылдар аралығында Жаршының 30 нөмірі жарық көрді, онда отандық және шетелдік авторлардың (Германия, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Испания, Молдова, Норвегия, АҚШ) 388 ғылыми мақалалары жарияланды.

2019 жылдан бастап Академия «Заң және заман» ведомстволық журналының (бұдан әрі – Журнал) иесі болып табылады.

Журнал беттерінде прокурорлық қызмет, пилоттық жобаларды іске асыру мәселелері жарияланады және тәжірибе алмасу ұйымдастырылады.

Оқырман аудиториясын құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер құрайды, бұл мақсатты ақпаратты көптеген адамдарға жеткізуге мүмкіндік береді. Журнал прокуратура қызметінің имидждік саясатын ілгерілету жөніндегі тиімді платформалардың бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда Академияда Академия қызметкерлерінің 160-тан астам ғылыми еңбектері (оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер, монографиялар, схемалар альбомдары, ғылыми-практикалық басылымдар, әдістемелік ұсынымдар және т.б.) жарық көрді, олар Ғылыми және Оқу-әдістемелік кеңестердің отырыстарында талқыланды.

Академияның кітапхана қоры 43 мыңнан астам кітап өнімін құрайды.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 7 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Біздің жаңа цифрлық технологияларды қаншалықты тез және тиімді дамытатынымыз барлық басқа бағыттардағы табысымызға байланысты» деген.

Бұл бағытта Академия ғылыми-білім беру процесін цифрландыру саласында бірқатар маңызды жобаларды іске асырды.

Оқу процесін басқаруды автоматтандыратын және оқытушы мен білім алушының онлайн өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін «Е-Академия» білім беру порталы құрылды. Портал қашықтан оқыту жүйесімен біріктірілген, соның арқасында қызметкерлер өздеріне ыңғайлы уақытта жұмыстан қол үзбей өз біліктіліктерін арттыра алады.

Ғылыми жетістіктермен алмасу шеңберінде «Зерттеуші» ведомствоаралық ғылыми-ақпараттық жүйесі, электрондық кітапхана және репозиторий құрылды, олар біздің ғалымдарымыздың электрондық каталогтарына, жұмыстарына және кітапхана ресурстарына ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Онлайн сауалнама жүргізу үшін 2020 жылғы маусымда әртүрлі күрделіліктегі кең функционалы бар сауалнама жүйесі енгізілді. Ол сұрақтардың көптеген түрлерін қолдайды, сауалнамаға қол жеткізу ашық немесе шектеулі болуы мүмкін. Сауалнама нәтижелері кестелік және графикалық түрде қалыптасады.

Түсу емтихандарын өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кездейсоқ генерациялау бағдарламалары әзірленді: Randomizer (2020 жылғы желтоқсан) және R-Selection (2021 жылғы шілде) емтихан билеттерін және емтихан комиссияларының құрамдарын (мамандық) кездейсоқ генерациялау үшін; Exams (2022 жылғы тамыз) емтихан билеттерін және кейстік міндеттерді (магистратура және докторантура) кездейсоқ генерациялау үшін.

«Академияның виртуалды туры» және «Виртуалды ашық есік күні» әзірленді.

Академияға (мамандық, магистратура және докторантура) түсу мәселелері бойынша өзекті ақпаратты ұсыну үшін 2021 жылғы тамызда қабылдау комиссиясының Telegram-бот әзірленді.

Бот Академияға түсу тәртібі мен рәсімі туралы жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап алуға, сол арқылы қабылдау комиссиясының қызметкерлерін қосымша консультациялар өткізуден құтқаруға мүмкіндік береді.

Академия ұсынатын кітаптар мен қызметтерді сатып алуға болатын интернет-дүкен платформасы құрылды және жұмыс істейді.

«Академия Жаршысы» журналының редакциясымен авторлардың қарым-қатынасын жеңілдету үшін мақалаларды онлайн беру және рецензиялау жүйесі жұмыс істейді. Мақаланы редакцияға жіберу, рецензиялар мен пікірлер алу процестері цифрландырылды. Мақаланы қараудың барлық кезеңдері (талаптарға сәйкестігін тексеру, рецензиялау, редакциялық алқаны кері қайтарып алу, бас редактордың шешімі, пысықтау қажеттілігі және т.б.) мақала авторының жеке кабинетінде көрсетіледі.

Психологиялық тестілеу платформасы психологиялық тестілеуді ұйымдастыруға және өткізуге уақытты қысқартуға, нәтижелерді талдауды автоматтандыруға, сондай-ақ қағазды пайдаланудан толық бас тартуға мүмкіндік береді.

 

SWOT-талдау 

S (strength) мықты жақтары W (weakness) әлсіз жақтары
1.    Академия құқық қорғау органдарына (прокуратура, СЖҚІА және ЭТҚ) қызметке кіретін адамдарды алғашқы кәсіптік даярлауды жүзеге асыратын Қазақстандағы жалғыз білім беру ұйымы болып табылады.

2.    ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салықтық (қаржылық) тергеу органдары, сондай-ақ прокурорлық-тергеу қызметкерлері үшін кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөніндегі базалық ұйымы болып табылады.

3.    Жаһандық қауіп-қатерлерге (экстремизм мен терроризм, есірткінің заңсыз айналымы, киберқылмыс, адам саудасы, қаржылық қылмыстар және сыбайлас жемқорлық) қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб жұмыс істейді.

4.    Біліктілікті арттыру және оқыту жүйесі, оның ішінде Президенттік резерв құрылды және жолға қойылды.

5.    Құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіруді және жүргізуді орындайды.

6.    Академияның Ғылыми-әдістемелік және Диссертациялық кеңестері құрылды және жұмыс істейді.

7.    Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден өтті.

8.    Ведомствоаралық ғылыми зерттеулер саласындағы үйлестіруші функцияны іске асыру үшін «Зерттеуші» бірегей арнайы ақпараттық жүйесі құрылды.

9.    Ғылыми зерттеулер ведомствоаралық сипатқа ие және құқық қорғау органдарының стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған.

10.          Ведомствоаралық ғылыми зерттеулер тақырыптары бойынша құқық қорғау органдарының өтінімдерінің/ тапсырыстарының тұрақтылығы.

11.          Құқықтық статистика саласындағы уәкілетті органның деректер базасына еркін қол жеткізу.

12.          Құқық қорғау органдарының қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету (ғылыми зерттеулердің нәтижелерін практикалық қызметке, оқу процесіне және т.б. енгізу).

13.          Құқық қорғау органдарын жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету.

14.          Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары (институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу) білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз Агенттікпен (IQAA) аккредиттелген.

15.          Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларының 5 жыл мерзімге сәйкестігі туралы мемлекеттік аттестаттаудан өтті.

16.          Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынған ғылыми басылымдардың тізбесіне, сондай-ақ қазақстандық дәйексөз базасына (ҚазДБ) және ресейлік ғылыми дәйексөз индексіне (РҒДИ) енген «Құқық қорғау органдары академиясының Жаршысы» ғылыми журналының басылымы.

17.          Құқық қорғау органдарының қызметі, заң ғылымы мен практикасын дамыту туралы сұрақтар жарияланатын «Заң және заман» журналының болуы.

18.          IT жобаларын басқаруда Agile тәсілін қолдану.

19.          «Е-Академия» білім беру порталы, қашықтан оқыту жүйесі, сондай-ақ ғылыми жетістіктерді сақтауға арналған электрондық кітапхана мен репозиторий жұмыс істейді.

20.          Халықаралық тану, марапаттар.

21.          Мүдделі тараптармен және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық.

1.    Профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрамның төмен дәрежелілігі.

2.    Оқытушылар мен білім алушылардың тілдік даярлығының төмен деңгейі.

3.    Әрбір ғылыми-зерттеу жұмысына (іссапарлар, ақылы ресурстарды пайдалану) қаржыландырудың болмауы.

4.    Академияның ғылыми қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу туралы мәселелердің шешілмеуі.

5.    Импакт-факторы жоғары халықаралық журналдарда қызметкерлер мен білім алушылардың жарияланым белсенділігінің төмендігі.

6.    Адам ресурстарын басқарудың әлсіз жүйесі.

7.    Штатта экономика, қаржы, мемлекеттік басқару саласындағы мамандардың, әлеуметтанушылардың, саясаттанушылардың, оның ішінде шетелдік мамандардың, орыс және қазақ тілдеріндегі мәтіннің түзетушілері мен редакторларының болмауы.

8.    Жергілікті желі мен интернет желісінен серверге (жүйеге) бір мезгілде қолжетімділіктің болмауы, сондай-ақ халықаралық ғылыми еңбектер базасына қолжетімділіктің болмауы.

9.    Академияның ақылы қызмет түрлерін көрсету құқығы, оның ішінде ұйымдық-құқықтық мәселелерді реттемеу себебінен толық көлемде пайдаланылмайды.

10.          Материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі.

 

 

 

 

O (opportunity) мүмкіндіктер: T (threat) тәуекелдер мен қауіптер:
1.    «Төңкерілген сынып» технологиясын білім беру процесіне енгізу.

2.    Гранттық ғылыми зерттеулерге қатысу.

3.    Ғылыми даму мектебін енгізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша оқыту курстарын әзірлеу және өткізу.

4.    «Құқық қорғау органдары академиясының жаршысы» ғылыми журналын Scopus базасына қосу үшін институционалдық негіз құру.

5.    Қос дипломды білім беруді, онлайн-оқытуды және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша, оның ішінде ақылы негізде енгізу.

6.    Дәрежелі қызметкерлер санын, оның ішінде өз ресурстары есебінен ұлғайту (Академия докторантурасының түлектері).

7.    Қаржыландырудың баламалы көздерін пайдалану (білім және ғылым саласында ақылы қызметтер көрсету).

8.    Халықаралық интеграция үдерістеріне қатысу, академияны халықаралық аккредиттеуден өтуге бағдарлану. Ұлттық және әлемдік рейтингтерге қатысу.

9.    Академия қызметін, оның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, цифрлық трансформациялау.

10.          Оқу және жұмыс жағдайларын жақсарту үшін жаңа оқу корпусы мен жатақхана салу.

1.    Әр түрлі бақылау құралдары арқылы жүзеге асырылатын білім беру қызметінің сапасына қойылатын жаңа талаптар (заңға тәуелді актілердің талаптары, лицензиялау, жоғары оқу орындарының тиімділігін профилактикалық бақылау, аккредиттеу, рейтингтер; әскери, арнаулы оқу орындарының ерекшеліктерін ескермейтін заңнамадағы өзгерістер).

2.    Академия құрылымын оның бағыттарын оңтайландырумен қайта құру бойынша басқарушылық шешімдер.

3.    Штатты қысқарту, білікті кадрлардың кетуі.

4.    Академияның бюджеттік қаржыландыруын қысқарту.

5.    Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің магистратура мен докторантурада оқу арқылы кәсіби деңгейін көтеруге уәждемесінің болмауы (стипендияның жеткіліксіз мөлшері, Академияның жатақханасында отбасымен бірге тұру мүмкіндігінің болмауы, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу қиындықтары).

6.    Басшы лауазымдарға тағайындалатын құқық қорғау органдарының қызметкерлерінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болу қажеттілігі туралы біліктілік талаптарының болмауы.

7.    Академияның ғылыми-зерттеу қызметін қаржыландыру мәселесін шешуде нәтижелердің болмауы.

8.    Академияның ғылыми қызметкерлеріне қосымша ақы белгілеу туралы оң нәтиженің болмауы.

 

МИССИЯ, ПАЙЫМ, ҚҰНДЫЛЫҚТАР  ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР

Миссия:

Үздік отандық дәстүрлер мен әлемдік тәжірибені ұштастыру негізінде оқыту және ғылым арқылы құқық қорғау қызметіне бірегей үлес қосу.

Көзқарас:

Академия құқық қорғау саласындағы ғылым мен білім бағытындағы озық оқытумен, тәжірибемен және инновациямен танылған көшбасшы. 

Құндылықтар:

  1. Адами ресурстар: әр қызметкер мен білім алушының құндылығы, олардың жеке және кәсіби өсуі.
  2. Қол жетімділік: сапалы білім мен ғылыми жетістіктердің барлығына қол жетімділігінің кепілі.
  3. Қолдау: өзара көмек және ынтымақтастық қоғамдастығын құру.
  4. Инновация: ғылым мен білім берудегі инновациялар мен жетістіктерге үздіксіз ұмтылу.
  5. Академиялық адалдық: этика мен интегритеттің жоғары стандарттарын сақтау.
  6. Серіктестік: ұлттық және халықаралық деңгейде белсенді ынтымақтастық және тәжірибе алмасу. 

Стратегиялық бағыттар:

  1. Білім беру қызметі: Құқық қорғау жүйесі үшін мамандар даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету.
  2. Ғылыми-зерттеу қызметі: Құқық қорғау саласындағы ғылымда көшбасшылыққа қол жеткізу.
  3. Қоғаммен өзара іс-қимыл: Ғылыми және білім беру ұйымдарымен, мемлекеттік құрылымдармен және азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық.
  4. Халықаралық ынтымақтастық: Шетелдік оқу орындарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық көкжиегін кеңейту.
  5. Кадрлық қамтамасыз ету: Жоғары білікті мамандарды тарту, дамыту және ұстау.
  6. Цифрландыру және инфрақұрылымдық қамтамасыз ету: Оқу және ғылыми процестерді оңтайландыру үшін заманауи технологияларды пайдалану.

  

СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТТАР ЖӘНЕ МІНДЕТТЕР

№ 1 МАҚСАТ. ЗАМАНАУИ ТАЛАПТАРҒА ЖАУАП БЕРЕТІН ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІН ҚҰРУ 

1.1. міндет. Flipped classroom (төңкерілген сынып) форматында сабақ жүргізуге және нәтижелерге қол жеткізуге қабілетті ПОҚ дайындау.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: «төңкерілген сынып» форматында сабақтарды нәтижелі жүргізетін және интерактивті оқыту дағдылары мен әдістерін меңгерген 1-Инситуттың ПОҚ-ның үлес салмағы.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: «төңкерілген сынып» форматында 1-Инситуттың ПОҚ енгізген оқыту тақырыптарының үлесі.

1.2. міндет. Алғашқы кәсіптік даярлық институтының мәртебесі мен рөлін арттыру.

Нәтиже көрсеткіші: оқуға түсу, оқыту рәсімдерін жаңғырту және алғашқы кәсіптік даярлықтан өтушілердің контингентін кеңейту.

1.3. міндет. Академияның жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Өңірлік Хаб ретіндегі әлеуетін дамыту.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: Академия Өңірлік Хабының бағыттары бойынша өткізілген ғылыми-білім беру іс-шараларының саны.

          № 2 нәтиже көрсеткіші: киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша оқудан өткен ҚҚО қызметкерлерінің саны.

         1.4. міндет. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім: жаңа тәсілдер мен инновациялар.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын білім алушылардың контингентін кеңейтумен онлайн-оқыту нысанында іске асыру.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: Академия білім алушыларының оқу сапасы мен шарттарына қанағаттануы.

№ 3 нәтиже көрсеткіші: Академияның ғылыми зерттеулеріне қатысатын магистранттар мен докторанттар саны.

№ 4 нәтиже көрсеткіші: Академия білім алушыларының магистрлік және докторлық диссертацияларының нәтижелерін нормашығармашылыққа, практикалық және оқу қызметтеріне енгізу үлесі.

         1.5. міндет. Біліктілікті арттыруда коучингтік тәсілді енгізу.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: коучинг бойынша халықаралық сертификаттаудан өткен Президенттік резервті даярлау курстарында сабақ жүргізетін жаттықтырушылардың саны.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: Президенттік резерв жаттықтырушыларының мансаптық коучинг және т.б. бойынша жаңа бағдарламалар әзірлеуі.

№ 3 нәтиже көрсеткіші: коучингтік тәсілді және андрогогиканың жетістіктерін ескере отырып әзірленген БАК-тағы оқыту бағдарламаларының олардың жалпы санынан үлесі.

         1.6. міндет. Үздіксіз оқытуды жаңғырту (LLL Center-lifelong learning).

№ 1 нәтиже көрсеткіші: ҚҚО-ның зейнеткерлік жасына дейінгі ардагерлері мен қызметкерлеріне арналған тренингтер саны, оның ішінде көшпелі тренингтер.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: прокуратура қызметкерлерінің БАК-тан өтуі туралы мәліметтерді автоматтандыру үлесі.

  • міндет. Тәрбие және идеологиялық жұмыс арқылы жаңа формациядағы мамандарды қалыптастыру.

Нәтиже көрсеткіші: Академияның жеке құрамының, тыңдаушылары мен білім алушыларының қатысуымен өткізілген патриоттық және тәрбиелік сипаттағы іс-шаралар саны.

 

№ 2 МАҚСАТ. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ КӨШБАСШЫЛЫҚ

2.1. міндет. Академияның іргелі зерттеулерін дамыту.

Нәтиже көрсеткіші: Академияның ғылыми зерттеулерінің жалпы көлеміндегі іргелі зерттеулер саны.

2.2. міндет. Академияны ғылыми қызметтің субъектісі ретінде брендтеу.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: Академия жүргізген салааралық ғылыми зерттеулердің саны (құқық, экономика, әлеуметтану, педагогика және т.б.).

№ 2 нәтиже көрсеткіші: ҒЖББСБК ұсынған, ҚазСБ, РҒДИ құрамына кіретін, сондай-ақ жоғары импакт-факторы бар басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны.

№ 3 нәтиже көрсеткіші: Академиядан гранттық зерттеулер жүргізуге берілген өтінімдер саны.

2.3. міндет. «Құқық қорғау органдары академиясының жаршысы» ғылыми журналының әлеуетін дамыту.

Нәтиже көрсеткіші: «Құқық қорғау органдары академиясының жаршысы» ғылыми журналының дәйексөз индексінің деңгейі және оны Scopus базасына енгізу үшін ұйымдастырушы-құқықтық негіз құру.

 

№ 3 МАҚСАТ. АКАДЕМИЯНЫҢ КАДРЛЫҚ ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН ОДАН ӘРІ ДАМЫТУ 

3.1. міндет. Академияның кадрлық құрамының кәсібилігін арттыру.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: ПОҚ және ҒҚ-ның жалпы санынан ғылыми дәрежелері және (немесе) атақтары бар адамдардың үлесі.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: ПОҚ және ҒҚ-ның жалпы санынан кәсіптік даярлаудан және қайта даярлаудан өткендердің үлесі.

№ 3 нәтиже көрсеткіші: ПОҚ-тың жалпы санынан мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытатын қызметкерлердің үлесі (екі тілділік).

№ 4 нәтиже көрсеткіші: ПОҚ және ҒҚ-ның қызметкері шақырылған маман-сарапшы, ұлттық жаттықтырушы және баяндамашы ретінде қатысқан іс-шаралар саны.

3.2. міндет. Өзінің ұлттық, оның ішінде халықаралық деңгейдегі жаттықтырушыларын (сарапшыларын) даярлау.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: Академияның міндеттерін іске асыру үшін тартылған халықаралық деңгейдегі жаттықтырушылар саны.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: халықаралық сертификаттаудан өткен ПОҚ-тың олардың жалпы санынан үлесі.

№ 3 нәтиже көрсеткіші: ұлттық жаттықтырушылар ретінде даярлықтан өткен және (немесе) ПОҚ-тың және ҒҚ-ның жалпы санынан сараптамалық дағдылары бар қызметкерлердің үлесі.

3.3. міндет. Академия қызметінде заманауи IT-технологияларды, оның ішінде жасанды интелекті қолданумен пайдалануды кеңейту.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: жалпы жоспарланған көлемнен Академияның ғылыми-білім беру процесін цифрландыру үлесі.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: LMS (Learning Management System) оқытуды басқару жүйесін енгізу.

3.4. міндет. Академияның ғылыми-білім беру процесін ресурстық қамтамасыз ету.

№ 1 нәтиже көрсеткіші: Академияның ғылыми-білім беру инфрақұрылымын дамыту шеңберінде іске асырылатын бюджет қаражатының үлесі.

№ 2 нәтиже көрсеткіші: аудиториясы және конференц-залы бар 350 орындық Академия жатақханасын пайдалануға беру.

 

СТРАТЕГИЯНЫ ІСКЕ АСЫРУ ТЕТІГІ

Стратегияны іске асыру тетігі келесіні қамтиды:

— жұмыс кездесулерін ұйымдастыру, Стратегияның орындалуына мониторинг жүргізу, Іс-шаралар жоспарын әзірлеу және оның іске асырылуын бақылау;

— ресми статистика есебінен және мониторинг нәтижелері бойынша стратегиялық ақпаратты үнемі жаңартып отыру және толықтыру;

— Академия сайтында міндетті түрде орналастыра отырып, Стратегияны іске асыру бойынша презентациялық жарияланымдар дайындау;

— Ғылыми кеңестің отырысында Стратегия мен іс-шаралар жоспарын іске асыру нәтижелерін қарау.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Стратегия қазіргі заманғы талаптар мен жаһандық тенденцияларға сәйкес Академияның трансформациясын жалғастырудың негізі болып табылады. Стратегияны іске асыру білім беру бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, халықаралық ынтымақтастықты және корпоративтік мәдениетті қоса алғанда, Академия қызметінің барлық аспектілерін жақсартуға кешенді көзқарасты көздейді.

SWOT-талдауына сүйене отырып, Академия өзінің мықты жақтарын жұмылдыруды және алға қойылған стратегиялық мақсаттарға жету үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар әлсіз жақтардың әсерін азайту және сыртқы қауіптерді бейтараптандыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Мұның бәрі барлық бөлімшелер мен Академияның әрбір қызметкерінің үйлестірілген күш-жігерін қажет етеді.

 

КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР

2028 жылға қарай келесі негізгі нәтижелерге қол жеткізіледі деп күтілуде:

Академияның Қазақстанда да, ТМД елдерінде де құқық қорғау органдары үшін білім беру саласындағы көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайту;

жаңа формациядағы құқық қорғау органдарының жоғары кәсіби кадрлық құрамын даярлау;

үздіксіз оқыту мен этикалық стандарттарға баса назар аудара отырып, күшті корпоративтік мәдениетті қалыптастыру;

жасанды интеллект пен қашықтан білім беру платформаларын пайдалануды қоса алғанда, оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемелерін енгізу;

ғылыми-зерттеу қызметін кеңейту және жетекші халықаралық ғылыми басылымдардағы жарияланымдар санын ұлғайту;

әлемнің жетекші білім және ғылыми орталықтарымен халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты кеңейту;

кәсіби желіні дамытуға және тыңдаушылар мен білім алушыларды қолдауға ықпал ететін түлектердің белсенді және тартылған қоғамдастығын қалыптастыру;

Академия қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігінің жоғары деңгейі;

халықаралық деңгейдегі жеке жаттықтырушылар санын арттыру;

Академияның материалдық-техникалық базасын нығайту.

Бұл нәтижелер Академияның Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары үшін кадрлар даярлау жүйесіндегі орталық буын ретінде өз ұстанымын сақтап қана қоймай, нығайтатынына кепілдік береді.

 

Қысқартулар мен анықтамалар:

1-Институт – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Кәсіптік оқыту институты;

БАК – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының біліктілікті арттыру курстары;

ҒЖББСБК – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті;

ҒҚ – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ғылыми құрамы;

алғашқы кәсіптік даярлық – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында құқық қорғау органдарына қызметке кіретін адамдар үшін кәсіптік дағдыларды игеруге бағытталған кәсіптік оқыту нысаны;

Президенттік резерв – құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының, оның ішінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін бос жоғары тұрған басшы лауазымдарға ұсыну үшін осы Қағидаларда көзделген іріктеудің ерекше тәртібінен өткен қызметкерлердің тізімі;

ПОҚ – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы;

ТМД – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы.