Негізгі бағыттары

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы (бұдан әрі — Академия) Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы №15 Жарлығы бойынша құрылған және ерекше мәртебесі бар білім беру ұйымы болып табылады. Бұл оқу бағдарламаларының мазмұнын және білім беру қызметін ұйымдастыруды дербес анықтауға құқық береді.

Бүгінде Академия қалыптасу кезеңінен өтті, айтарлықтай жұмыс атқарылды.

«Құқық қорғау қызметі» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары (магистратура және докторантура) бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиялар алынды.

Қызметтің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында консультативтік-кеңесші, алқалық басқару органдары (Ғылыми, Оқу-әдістемелік, Диссертациялық, Ғылыми-әдістемелік кеңестер) құрылды.

2017 жылы Академия ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде Білім және ғылым министрлігінің аккредиттеуінен, 2018 жылы ұсынылатын білім сапасы бөлігінде Тәуелсіз институционалдық аккредиттеуден өтті.

Сондай-ақ 2018 жылы салықтық (қаржылық) тергеу органдары үшін кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің базалық ұйымы мәртебесі алынды.

Академия ұжымын тәжірибелі педагог қызметкерлер қалыптастырды, олардың үштен бірінен астамының ғылыми атақтары мен дәрежелері бар.

Сонымен қатар академиялық әлеует құқық қорғау органдарының орталық және облыстық аппараттарында мол жұмыс тәжірибесі бар практиктермен күшейтілді.

Академияға 4 негізгі міндет жүктелген:

БІРІНШІ. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру.

Біліктілікті арттыру курстарының тақырыбы құқық қорғау органдарының қажеттіліктерін ескере отырып айқындалады.

2015 жылдан бастап Академия қабырғасында құқық қорғау органдарының 25 мыңнан астам қызметкерлері біліктілігін арттыру және қайта даярлаудан өтті, оның 4 мыңы – қашықтан оқыту форматында.

Біліктілікті арттыру курстарынан жаңадан қабылданған және құқық қорғау блогының тәжірибелі қызметкерлері өтеді.

Мысалы, 2016-2024 жылдар аралығында Академияда құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұрған 173 басшы оқудан өтті.

2025 жылғы қаңтарда «Құқық қорғау қызметі туралы« Заңда құқық қорғау органдарының президенттік резервін қалыптастыру туралы ережелерді қамтитын норма алынып тасталды.

Осыған қарамастан, Академияда Президенттік кадр резервінде тұрған арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері оқудан өтуі мүмкін.

Енді Академияда тағайындауды Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асыратын және (немесе) онымен келісім бойынша, сондайақ тағайындау мен босату Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша жүзеге асырылатын лауазымға орналасуға үміткер кандидаттар кәсіптік қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өтетін болады.

ЕКІНШІ. Құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіруді және жүргізуді.

Ғылыми қызметі жағынан бүгінде Академия құқық қорғау органдарының бірыңғай ғылыми-зерттеу саясатының, іргелі және қолданбалы ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді жүргізудің үйлестірушісі қызметін атқарады.

Ғылыми зерттеулердің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Оның құрамына барлық құқық қорғау органдарының өкілдері, Парламент депутаттары мен көрнекті қоғам қайраткерлері кіреді. Кеңес құқық қорғау органдарының құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелері бойынша келіп түскен ұсыныстары негізінде жыл сайын ведомствоаралық ғылыми зерттеулердің перспективалық бағыттарын айқындайды.

Бүгінгі таңда Академия 162 ғылыми зерттеу жүргізді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері кең ақпараттық платформаларда талқыланады, практикалық іс-шараларға және оқу процесіне енгізіледі, норма шығаруда қолданылады.

Олардың нәтижелері бойынша 16-тен астам халықаралық ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылып, 436 ғылыми мақала жарияланды, 97 ғылыми еңбек жарық көрді.

ҮШІНШІ. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру.

Бүгінгі таңда Академия жұмыс істейтін қызметкерлерге ғылыми-педагогикалық және бейіндік, оның ішінде қашықтан оқыту бағытындағы магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламаларын ұсынады.

Тоғыз жыл ішінде Академияда «Құқықтану» және «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламалары бойынша құқық қорғау органдарының 393, қызметкері (341 – магистратура, 52 – докторантура бағдарламалары бойынша) оқуды аяқтады.

Магистрлік және докторлық диссертациялардың тақырыптары практиканың өзекті сұраныстары мен құқық қорғау органдарының ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырылады.

ТӨРТІНШІ. 2020 жылдан бастап Академияға прокуратура органдарына және экономикалық тергеу қызметіне кіретін адамдарды алғашқы кәсіптік даярлау функциясы жүктелді.

Даярлықтан өту жас мамандарды қызметке қабылдаудың міндетті шарты болып табылады.

Оқытудың мақсаты — жаңадан бастаған маманға мансаптың бастапқы кезеңінде барлығына қажетті негізгі білімді толықтыруға және жетілдіруге, кәсіби бейімделуден өтуге, тиімді жұмыс істеу үшін маңызды практикалық дағдыларды алуға көмектесу.

Прокуратура органдары және экономикалық тергеу қызметі үшін кандидаттарды оқыту мерзімі — 6 ай.

Көрсетілген уақыт ішінде тыңдаушылар Академияда терең тәжірибеге бағдарланған оқытудан және тиісті құқық қорғау органдарында салалық тағылымдамадан өтеді.

Қорытынды кезең — қорытынды емтиханды тапсыру. Оқуды сәтті аяқтау тыңдаушыларға қызметке тағайындауға кепілдік береді.

Халықаралық ынтымақтастық саласында Академия Израиль, Германия, АҚШ, Түркия, Франция және Қазақстандағы бірқатар басқа елдердің дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз өзара іс-қимыл орнатты. Олармен бірге Академия қысқа мерзім ішінде Қазақстанда және шетелде жүзден астам халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Cоңғы үш жылдың ішінде құқық қорғау органдарының 158 қызметкері түрлі ғылыми-білім беру және шетелдік алаңдарға қатысуы ұйымдастырылды. Біздің қызметкерлер Австрия, Венгрия, Германия, Италия, Қытай, Франция, АҚШ және Жапонияда өткізілетін іс-шараларға қатысты.

Ресейдің, Өзбекстанның, Украинаның және басқа елдердің жетекші ғылыми және оқу орындарымен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткізілді, олармен тындаушылар мен сарапшылар өзара тәжірибе алмасады. Бүгінгі таңда шетелдік мекемелермен ынтымақтастық туралы барлығы 40 меморандум жасалды.

Сондай-ақ БҰҰ ЕҚБ, ЕҚЫҰ, ЕО, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО), Түрік ынтымақтастық және Үйлестіру агенттігі (ТИКА), Ф.Эбберт, К.Аденауэр атындағы неміс қорлары және IRZ сияқты маңызды серіктестерді атап өткен жөн, олармен бірлесіп жыл сайын 150-ден астам атақты ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен 40-қа жуық халықаралық іс-шаралар өткізіледі.

Академия IT-технологияларды белсенді енгізуде. Бүгінгі таңда ғылыми-білім беру қызметінде цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылды.

Атап айтқанда, «Е-Академия» білім беру порталы оқу процесін басқаруды автоматтандыруға мүмкіндік береді және тыңдаушылармен кері онлайн байланысты қамтамасыз етеді. Порталмен қашықтықтан оқыту жүйесі біріктірілген. Осының арқасында қызметкерлер өздеріне ыңғайлы уақытта жұмыстан қол үзбей өз біліктілігін арттыра алады.

Тергеу және прокурорлық жұмыстар үшін тыңдаушыларға оқиға орнын тексеру дағдыларын меңгеруге көмектесетін «Сотқа дейінгі тергеу» виртуалды бағдарламасы жақсы демеу болды. Сондай-ақ біздің қызметкерлер әзірлеген виртуалды криминалистикалық зертхана бар.

Ғылыми жетістіктермен алмасу шеңберінде ведомствоаралық ғылыми-ақпараттық жүйе, электрондық кітапхана және репозиторий құрылды, соның арқасында Академияның ғылыми жетістіктеріне, электрондық каталогтарға, ғалымдарымыздың жұмыстарына және кітапхана ресурстарына ашық қол жетімділік бар.

ЖОО-ның қызметінің маңызды бағыты баспа қызметі болып табылады. Академияның өзінің мерзімді басылымдары бар. Соңғы жылдары журналдар сапалы түрде өзгерді – тұжырымдамасы жетілді, редакциялық алқаның құрамы жаңартылды.

«Құқық қорғау органдары академиясының Жаршысы» ғылыми журналы 2019 жылы Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне, сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстандық дәйексөз базасына (ҚазДБ) және Ресейлік ғылыми дәйексөз индексіне (РҒДИ) енгізілген.

Бүгінгі таңда журнал құқықтық жүйенің өзекті мәселелерін талқылауға, жаңа заңнамалық бастамалар мен новеллаларды қалыптастыруға арналған инновациялық алаң болып табылады. Оның беттерінде Академияның және құқық қорғау органдарының, басқа да ғылыми мекемелердің қызметкерлері жүргізетін құқық қорғау қызметі, құқық және ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелері жарияланады. Мамандардың білікті пікірлері ғылыми ақпараттың маңызды көзі болып табылады. Сондықтан жарияланымдар тек мамандардан ғана емес, сонымен бірге кең заңды қоғамнан да жауап табады.

Академияның қолдауымен тағы бір баспа басылымы – «Заң және заман» журналы шығады. Оның беттерінде ғалымдар мен практиктер құқық қорғау органдары қызметінің, заң ғылымы мен практикасын дамытудың кең ауқымы бойынша кәсіби диалог жүргізеді.

Мерзімді басылымдардан басқа, ЖОО қызметкерлерінің күшімен әртүрлі өзекті бағыттар бойынша ғылыми жұмыстарды дайындау және басып шығару жұмыстары жүргізілуде (монографиялар, құралдар, әдістемелік ұсынымдар, оқулықтар, заңдарға түсініктемелер және т.б.).