Жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб базасында Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы алынған қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл» тақырыбында семинар-тренинг аяқталды.
Оқыту іс-шарасына прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қаржы мониторингі комитеті және экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері қатысты.
Спикерлер ретінде құқық қорғау органдарының тәжірибелік қызметкерлері, Академия оқытушылары, Қазақстанның интернет қауымдастығының, банк саласының, «Qiwi Қазақстан» компаниясының, халықаралық қаржы орталығының, сот корпусының сарапшылары, сондай-ақ Украина мен Латвияның халықаралық сарапшылары сөз сөйледі.
Сарапшылар қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы әрекет ету тәжірибесімен бөлісті, қауіп-қатерлердің және киберқылмыстармен күрестің жаңа формаларымен таныстырды.
Тыңдаушыларға крипто валютасын пайдалану қағидалары және ақшаны жылыстату фактілерін анықтау, трасттар арқылы активтерді басқару, мүлікті сотқа дейінгі тәркілеу және қылмыстық істерді тергеу кезінде ашық көздермен жұмыс істеу тәсілдері таныстырылды.
Практикалық сабақтар аясында арнайы әзірленген қылмыстық іс бойынша Имитациялық тергеу жүргізілді.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға жұмыста қолдану үшін сарапшылардың презентациялық Оқу материалдары және оқуды аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етілді.