Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласында жаңа бейіндегі мамандарды даярлау 2026 жылғы 26 қарашада Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры Сәуле Сапаралиеваның төрағалығымен өткен Академиялық комитет отырысының негізгі тақырыбы болды.
Комитеттің қарауына 2027 жылға арналған 7М12302 «Құқық қорғау қызметі: киберқылмысқа қарсы іс-қимыл» бейіндік магистратурасының білім беру бағдарламасының жобасы ұсынылды.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты директорының міндетін атқарушы Бүркіт Нұрмағамбетов баяндама жасады.
Академияның ғылыми-педагогикалық құрамының, құқық қорғау органдарының, магистранттар мен докторанттар кеңесінің өкілдері бағдарламаның мазмұнын, оның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына және құқық қорғау органдарының қажеттіліктеріне сәйкестігін талқылады.
Талқылау қорытындысы бойынша жоба мақұлдауға ұсынылды.
Жаңа білім беру бағдарламасын іске асыру кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге және заманауи цифрлық қауіп-қатерлерге тиімді қарсы іс-қимыл жасау үшін қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz



