Академияда «Qazaq heroes: болашақтан келген батырлар» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Республика күніне орай ұйымдастырылған «Qazaq heroes: болашақтан келген батырлар» балалардың цифрлық шығармашылығы байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Байқауға Академия магистранттары мен докторанттарының 6 мен 13 жас аралығындағы балалары қатысты. Жас авторлар болашақтың батырларына арналған цифрлық суреттер мен комикстер әзірледі. Шығармаларда әділдікті қорғаудағы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, экологиялық патрульдеу және «зияткер қалалардағы» (Smart City) құқық тәртібі тақырыптары қамтылды.

Байқау балалардың цифрлық дағдылары мен шығармашылық әлеуетін дамытуға, заманауи цифрлық форматтар арқылы құқықтық мәдениетін, азаматтық бірегейлігін және заңға құрметін қалыптастыруға бағытталды.

Байқау қорытындысы бойынша Гран-при Амирхан Ерғабуловқа берілді. Бірінші орынды Батыр Зайнулдин мен Бекарыс Зайнулдин иеленсе, екінші орын Айлана Қабышеваға, үшінші орын Мансұр Ғалиуллинге бұйырды. Өзге қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

Іс-шара соңында жас авторлар өз жұмыстары туралы әңгімелеп, алған әсерлерімен бөлісті және болашақ батырларының бейнесін жасауға не түрткі болғанын айтып берді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz