IT-компаниялар құқық қорғау қызметін жетілдіруге арналған шешімдерін ұсынды

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында халықаралық дөңгелек үстел аясында құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған практикалық IT-әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге iBatyr WAF, Kazdream, Cryptic AI, Tamga Software және USTEM Foundation компаниялары қатысты. Олар цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздік және заманауи технологияларды қолдану бағытындағы шешімдерін таныстырды.

Ұсынылған технологиялар құқық қорғау қызметіне жасанды интеллектіні енгізуге, деректерді қорғауға және процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Әзірлемелер қатарында деректерді қорғауға және жасанды интеллектіні қолдану арқылы тергеу процестерін автоматтандыруға арналған жаңа буындағы қазақстандық Tamga AI DLP жүйесі бар. Сондай-ақ шешім каталогтарды жіктеуді және жергілікті жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, ақпаратты талдауды көздейді.

Көрме дөңгелек үстелге қатысушыларға құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге және практикалық міндеттерді шешу тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық құралдармен танысуға мүмкіндік берді.