Қазақ, орыс және ағылшын тілдері Академиядағы кәсіби сайыстың өзегіне айналды. «Тіл шебері – 2026» байқауында 12 курсант, магистрант және докторант сөзді дәл қолдану, кәсіби терминологияны меңгеру және ойды үш тілде жеткізу қабілеттерін сынады.
Қатысушылардың өнерін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Ұлттық ғылыми-практикалық «Тіл-Қазына» орталығының өкілдерінен құралған шақырылған қазылар алқасы бағалады.
Сайыс «Елтаным», «Сөзтаным» және «Терминтаным» атты үш кезеңнен тұрды. Байқауға қатысушылар Қазақстан тарихы, көрнекті тұлғалардың мұрасы және ұлттық мемлекеттілік туралы сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтелдермен жұмыс істеді. Сонымен қатар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне ауысу барысында ойдың мазмұны мен дәлдігін сақтай білу қабілеттерін көрсетті.
Байқаудың кәсіби бағыты «Терминтаным» кезеңінде айқын көрінді. Қатысушылар құқық қорғау практикасынан алынған мәтіндерді талдап, терминологиялық қателерді анықтап, дұрыс нұсқаларын ұсынды.
Байқау нәтижесі бойынша Нұрсұлтан Құралбаев Гран-при иеленді. Бірінші орын — Адлет Тукенов, екінші — Аружан Төрехан, үшінші – Нурмухамедов Шыңғыс. Барлық қатысушылар естелік сыйлықтар мен адғыс хаттармен марапатталды.
Байқау тілдік дайындықты құқық қорғау қызметінің практикалық міндеттерімен ұштастырды. Сауатты сөйлеу, кәсіби терминдерді дәл қолдану, құқықтық нормаларды түсінікті жеткізу және әңгімелесушімен дұрыс қарым-қатынас орната білу құқық қорғау органдары қызметкерінің коммуникациялық мәдениетін қалыптастырып, азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz






