ProLab: Академия мен прокуратура органдары тергеуді цифрландырудың жаңа тәсілдерін әзірледі

Астана қаласы прокуратурасының «ProLab» өңірлік базалық зертханасы Құқық қорғау органдары академиясының өкілдері, магистранттар және аумақтық прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен өткен жұмыс кеңесінің алаңына айналды.

Іс-шараға Жалпы құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі А.А. Баймаханов, 3-Институттың профессорлары А.Ш. Ещанов, Н.Ш. Жемпиисов және В.В. Хан, 2-курс магистранттары (МПД-21 және МПД-22), сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысы прокуратураларының өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі мәселесі қылмыстық істің материалдарын Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі жүйесіне интеграциялау алгоритмін әзірлеу болды. Қатысушылар оны практикалық іске асыру бойынша бірыңғай тәсілдерді де айқындады.

Тараптар тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді атап өтті және «ProLab» өңірлік базалық зертханаларының өзара іс-қимылының тиімділігін арттырудың ықтимал жолдарын белгіледі.

Аумақтық прокуратуралардың Академия қызметкерлері мен білім алушыларымен ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу, магистрлік диссертациялар дайындау және практикалық бағыттағы өнімдерді әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жұмыс кеңесі сындарлы пікір алмасу алаңына айналып, ғылыми және практикалық бағыттардағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz