29 маусым мен 3 шілде аралығында Құқық қорғау органдары академиясында прокуратура, ішкі істер органдары және Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкерлеріне арналған «Киберқылмыстар мен есірткі қылмыстары бойынша тергеп-тексеру және қадағалау қызметіндегі цифрлық технологиялар. Есірткі саудасы және криптовалюталарды пайдалану фактілеріне байланысты қылмыстық істерді тергеп-тексерудің ерекшеліктері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтті.
Оқу барысында қатысушылар цифрлық технологияларды, жасырын интернет-платформаларды және криптовалюталарды пайдалана отырып жасалатын есірткі қылмыстарын анықтау, тергеп-тексеру және құжаттандыру бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді анықтау және оларды қадағалау тетіктерін меңгерді.
Курс бағдарламасы цифрлық ортадағы ұйымдасқан есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, OSINT құралдарын қолдану, блокчейн-транзакцияларды талдау, цифрлық активтерге қатысты сот сараптамаларын тағайындау, қылмыстық кірістерді заңдастыру схемаларын анықтау және криптобиржалармен өзара іс-қимыл мәселелерін қамтыды.
Оқытудың практикалық бөлімі Шымкент қаласы мен Ұлытау облысының арнайы прокурорлары «Karbon Operator» және «Kaif Mafia» Telegram-арналарының ұйымдастырушыларына қатысты тергеп-тексерген нақты қылмыстық істерді талдауға негізделді. Бұл қатысушыларға есірткі қылмыстарын тергеп-тексерудің заманауи тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz




