18–22 мамыр аралығында Құқық қорғау органдары академиясында Қаржылық мониторинг агенттігінің IT-мамандарына арналған «IT-мамандары қызметін қылмыстық процесс пен жедел-іздестіру қызметінде құқықтық қамтамасыз ету» тақырыбында мамандандырылған оқыту курсы өтуде.
Қазіргі таңда экономикалық қылмыстардың жаңа түрлері цифрлық технологияларды, криптовалюталарды және электрондық іздерді жасыру құралдарын пайдаланумен тығыз байланысты. Осыған байланысты қылмыстық істерді тергеуге және жедел-іздестіру қызметіне қатысатын IT-мамандарының құқықтық даярлығы ерекше маңызға ие.
Бес күндік оқу барысында қатысушылар қылмыстық-процестік заңнаманы қолдану ерекшеліктерін, электрондық ақпарат тасымалдағыштармен жұмыс істеу тәртібін, цифрлық іздерді тіркеу мен процессуалдық рәсімдеу мәселелерін меңгереді. Сонымен қатар криптовалюталық операцияларға, қылмыстық кірістерді заңдастыруға және активтерді қайтаруға байланысты құқық бұзушылықтарды тергеу мәселелері қарастырылады.
Бағдарлама аясында OSINT-құралдарын қолдану, құқық қорғау қызметінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, халықаралық ынтымақтастық және цифрлық ортадағы қылмыстарды тергеу кезіндегі ақпарат алмасу тетіктері де қамтылған.
Оқыту теориялық дайындық пен тәжірибелік жұмысты ұштастыру қағидатына негізделген: нақты жағдайлар талданып, жиі кездесетін қателіктер қарастырылады және техникалық әрі процессуалдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталады.
Курсты өткізу мамандардың кәсіби құзыреттерін нығайтуға және цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын қылмыстарды тергеу тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz
