Құқық қорғау органдары академиясында 18-22 мамыр аралығында ішкі істер органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметі және прокуратура қызметкерлеріне арналған «Кибералаяқтық – алаяқтың цифрлық ізі: фишинг, крипта және Telegram» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өткізілуде.
Оқыту цифрлық ортада жасалатын қылмыстарды анықтау мен тергеудің практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Курстың өзектілігі интернет-алаяқтықтың артуы, криптовалюталарды, анонимді мессенджерлерді және цифрлық белсенділікті жасыру құралдарын қолданудың кеңеюімен байланысты.
Бағдарлама аясында қатысушылар цифрлық іздерді талдаудың заманауи тәсілдерін, OSINT-құралдарын пайдалануды, желілік белсенділікті, IP және MAC мекенжайларын зерттеу әдістерін меңгеріп, криптовалюталық транзакцияларды бақылау тетіктері мен Telegram платформасында жасалатын құқық бұзушылықтарды тергеу ерекшеліктерін зерделейді.
Электрондық дәлелдемелердің сақталуын қамтамасыз ету, оларды процессуалдық рәсімдеу және қылмыстық іс жүргізу аясында пайдалану, сондай-ақ киберқылмыстарды тергеу кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Тәжірибелік бөлім кибералаяқтықтың нақты сценарийлерін талдауды, фишингтік схемаларды зерттеуді және электрондық іздерді анықтау мен талдау үшін цифрлық криминалистика құралдарын қолдануды қамтиды.
Курсты өткізу құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін нығайтуға және цифрлық кеңістіктегі қылмыстарға қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz


