18-22 мамыр аралығында Құқық қорғау органдары академиясында Қаржылық мониторинг агенттігінің IT-мамандарына арналған «IT-мамандары қызметін қылмыстық процесс пен жедел-іздестіру қызметінде құқықтық қамтамасыз ету» тақырыбында мамандандырылған оқу өтті.
Қазіргі таңда экономикалық қылмыстың заманауи түрлері цифрлық технологияларды, криптовалюталарды және электрондық іздерді жасыру құралдарын пайдаланумен жиі байланысты. Осыған байланысты қылмыстық істерді тергеу мен жедел-іздестіру қызметіне қатысатын IT-мамандарының қызметін құқықтық сүйемелдеудің маңызы артып келеді.
Бес күндік оқу барысында қатысушылар қылмыстық-процестік заңнаманы қолдану ерекшеліктерін, электрондық ақпарат тасымалдағыштарымен жұмыс істеу тәртібін, цифрлық іздерді тіркеу және нәтижелерді процессуалдық рәсімдеу мәселелерін зерделеді. Бағдарламаның жеке блогы криптовалюталық операцияларға, қылмыстық кірістерді заңдастыруға және активтерді қайтаруға байланысты құқық бұзушылықтарды тергеу мәселелеріне арналды.
Сонымен қатар бағдарламада OSINT-құралдарын пайдалану, құқық қорғау қызметіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері, халықаралық ынтымақтастық және цифрлық ортадағы қылмыстарды тергеу кезіндегі ақпарат алмасу мәселелері қарастырылды.
Оқу процесі теориялық дайындық пен тәжірибелік жұмысты ұштастыру қағидатына негізделді: нақты жағдайлар талданып, жиі кездесетін қателіктер қарастырылып, техникалық және процессуалдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.
Курсты өткізу мамандардың кәсіби құзыреттерін нығайтуға және цифрлық технологияларды қолданумен байланысты қылмыстарды тергеу тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz

